АСТАНА, 25 мамыр — Sputnik. Былтыр күз кезінде Қарағанды облысындағы "Саранская" шахтасында қауіпсіздік техникасы бұзылып, салдарынан төрт адам қаза тапқан іске қатысты үш адамға сот үкімі шығарылды, деп хабарлады облыстық сот баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Былтыр қараша айында қайғылы оқиға орын алды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының "Саранская" шахтасында жұмысшыларды жер бетіне алып шығу кезінде төтенше жағдай болып, салдарынан үш адам қаза тапты, бесеуі аруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің бірі ауруханада көз жұмған.
Шахтаның үш қызметкеріне қатысты қылмыстық іс Саран қалалық сотында ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігі бойынша өтті. Сотта анықталғандай, бірінші сотталушы М. былтыр тоғызыншы қарашада екі жүк арбасын, жолаушы кабинасы мен тежегіш арбасын құрастыру туралы өкімхат алған. Жұмысшының бұл жұмысты орындауы үшін жеткілікті біліктілігі болмапты. Алайда ол ешкімнің қадағалауынсыз арба мен өндіруші зауыттың талаптарына сай келмейтін құрам арасына тәж орнатады. Инженерлік-техникалық жұмысшыларға немесе Т. есімді кезекші машинистке атқарылған жұмыс туралы есеп бермей нұсқауды бұзады.
Учаскенің басшысы А. ештеңе білместен, жұмысшылардың конвейерлік еңіске жаяу шығуы туралы нұсқаулықтағы өкімді бұзып, машинист Т.-ға адамдарды басты конвейерлік еңіспен шығаруға бұйрық береді.
Оныншы қарашада машинист Т. тежегіш арбаның жұмысқа жарамдылығын тексермей, нұсқауды бұзады. Ол тежегіш арбадан көліктік-сақтандырғышты алып тастамай, адамдарды отырғызып, тасымалдай бастайды.
Шамамен сағат 14.20 кезінде бұрылыста тасымалдаушы көлік сынып кетіп, жолаушылар кабинасы мен тежегіш арба төменге құлайды. Салдарынан кабинадағы адамдар әртүрлі жарақат алған. Сотталушылар болған оқиғаға шын жүректен өкініп, айыптарын толығымен мойындады.
Сот үш ер адамды бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен бірге, басқарушы лауазымдарды, өндіру, адамдар мен жүктерді тасу және қауіпсіздік техникасын сақтауға байланысты қызметті атқаруларына үш жылға тыйым салынды.