АСТАНА, 14 қар — Sputnik. "Саранская" шахтасындағы қайғылы оқиғаны тергеу жұмыстары он күн ішінде жүргізіліп, нәтижесі БАҚ-на жарияланады деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі тілшісі.
"Бейсенбі күні қайғылы оқиға орын алды. Нәтижесінде төрт адам қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына индустриялық даму комитетінің мамандары кіреді. Олар әкімшіліктің және "АрселорМиттал" көмір департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мәселесімен айналысады. Бұл мәселені үкімет қадағалап отыр. Кеше Қарағандыда жиналыс өткізіп, тергеу жұмысын жүргізуге он күн белгіледік. Келесі сенбіде осындай қайғылы оқиғаға ұшыратқан нақты себептерді көрсете аламыз деп ойлаймын", — деп хабарлады инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек үкімет отырысынан кейін.
Оның айтуынша, төтенше жағдайдың бастапқы себептері анықталды, бірақ олар тергеу нәтижесі толықтай белгілі болған кезде жарияланады. Сонымен қатар, министрдің сөзіне сүйенсек, прокуратурада қылмыстық іс қозғалған.