АСТАНА, 16 мамыр — Sputnik. Ақтөбе түбіндегі Құрайлы ауылында ер мен әйел ретрансляциялық мұнарадан секіріп кетті, деп жазады өңірлік "Диапазон" басылымы.
Дүйсенбі 15 мамыр күні Құрайлы ауылында ер мен әйел телемұнараның басына шығып, секірмекші болған. Полицейлер, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, "жедел жәрдем", психологтар мен ерлі-зайыптылардың туған-туыстары оларды өздеріне қол жұмсаудан бас тартуға көндіруге тырысты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ұзақ уақыт сөйлескенмен, жас жұбайларды иландыру мүмкін болмапты: ер мен әйел секіріп, қаза тапқан.
Кейінірек белгілі болғандай, олар былтырғы жылдан бері бірге тұрған. Ер адамның жеті жасар қызы бар. Көршілердің сөзіне сүйенсек, өгей шешесі пайда болғалы бері, қызды жиі ұрып-соғып, аштан қатырып, ұзақ уақыт бұрышқа тұрғызып қояды екен.
Бірнеше күн бұрын қыз бала көшеге де шықпай, сабаққа да бармай қалады. Алаң болған көршілері полиция шақыртыпты. Келген учаскелік полицейге ер мен әйел қызды туыстарының үйінде дейді. Бірақ кейін әкесі қызын үйде қамап отырғанын мойындаған.
Полиция қызметкері қатты соққы жеген қызды шкафтан тауып алады. Баланы облыстық балалар ауруханасына жатқызған.
КТК арнасының хабарлауынша, бірінші сынып оқушысын көбінесе өгей шешесі ұрып соғады екен, ал әкесі қызын қорғаудың орнына, өзі де қосылып сабайды екен.
Қыздың әкесі мен өгей шешесіне қатысты "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау" бабына сәйкес іс қозғалды. Олар ешқайда шықпау туралы қолхат та жазып берген. Биіктен секіргенге дейін ерлі-зайыптылар үйде болып, ешкімді кіргізбей қойған.
Сондай-ақ әйелдің аяғы ауыр болған көрінеді, артынан бір ұлы қалыпты.