АСТАНА, 9 наурыз — Sputnik. Жанармай бағасы тағы да күрт өсіп келеді. АИ-92 жанармайының бір литрі үшін орташа баға наурыз айында 140 теңгеден 143 теңгеге дейін көтерілді, АИ-95 және АИ-96 бензині бағасы 152 теңгеден 155 теңгеге дейін көбейді. Бұған дейін жанармай бекеті желілері бағаларды ақпан айында ауыстырған болатын – ол кезде жанармай бағасы 2 теңгеге артқан.
Жанармай бағасының қымбаттауына қатысты түсініктеме алғысы келген Sputnik Қазақстан тілшісі мұнай және газ саласының сарапшысы, экономист Сергей Смирновпен сұхбаттасты.
- Егіс науқаны тақап келеді, кейбір сарапшылардың пайымдауынша, мұнай тауарларының бағасы ғана өсіп қоймай, олардың тапшылығын да сезетін сияқтымыз.
— Жанармай бағасының қарқынды өсіп келе жатқанына еш күмән келтірмесек те болады. Мәселе егіс науқанында емес. Ақпан айында бензин екі рет өсті, наурыз айында тағы бір баға өсімі тіркелді, біздің бағалар Ресейдікімен теңелгенше осылай жалғаса береді.
- Неге Қазақстандағы жанармай бағасы Ресейдікімен теңелуі тиіс?
— ЕАЭО аясында 2025 жылға қарай энергия ресурстарының бірыңғай нарығын құру туралы шешім қабылданды, тарифтер унификациясы Қазақстанның ішкі нарығында бағалардың қымбаттауына алып келеді. Мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау да қарыз ақшаға жүргізіліп жатыр, кейін оларды үстеме пайызымен қайтару керек болады. Ал ақшаны қайдан алмақ? Әлбетте, автокөлік жүргізушілерден. Тұтынушылардың наразылығын тудырмас үшін жанармай бағасын осылай біртіндеп өсіреді.
- Наурыз айының басында энергетика министрі Қанат Бозымбаев тілшілерге хабарлағандай, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының модернизациясы аяқталған соң бензин бағасы арзандауы керек болатын.
— Баға қалай арзандасын? Модернизация қарызға алынған қаражаттың есебінен жүргізіліп жатыр – жобалар құрылып, валютаға құрылғылар сатып алынады… Бұл миллиардтаған долларды қайтару керек. Оның үстіне, мұнай компаниялары бағаларды төмендеткісі келмейді.
- Олай болса, министр неге бағаларды төмендейтіндігі туралы сөз қозғады? Бәлкім, зауыттардың өнімділігі артатын шығар?
— Меніңше, бұл халықты тыныштандырып, болашаққа сеніммен қарауы үшін айтылған сөз. Уәде беру оңай ғой, бірақ сол уәденің орындалуы екіталай. Жоспар бойынша МӨЗ модернизациясы 2009-2015 жылдары жүргізілуі тиіс еді, іс жүзіне келгенде уақытты жылжыта береді.
- Сонда қымбат әрі ұзаққа созылған модернизациядан соң, зауыттардың қалай жұмыс істейтіндігі белгісіз ғой?
— Несіне таңқаласыз, мұндай жайт үнемі болып тұрады. Мәселен, қазір министрлік мұнай алу көлемі 81 миллион тоннаға ұлағаяды деп отыр. Қосымша көлемді негізінен Қашағаннан алмақшы, бірақ Қашаған өнімдерді бөлу туралы Келісімге сәйкес жұмыс істейді, акционерлер біздің зауыттарға шикізат жөнелтуге міндетті емес. Шикізатты ішкі нарыққа жібергеннен гөрі, шетелге сатқан тиімдірек.
- Бірақ онда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының үлесі бар емес пе? Үкімет оны ішкі нарыққа көбірек көңіл бөлуге міндеттей алады ғой?
— "ҚазМұнайГаз" да қарызға белшесінен батып отыр, сондықтан мұнайды барынша шетелге сатқысы келеді. Оның үстіне, бұл мемлекеттік компания мемлекетке тиесілі болғанымен, жеке компания секілді жұмыс істейді. Мұны қызметінің нәтижесінен көруге болады.
Компания шынымен ұлттық ұйым ретінде қызмет етсе, елдің экономикасын бірінші орынға қояр еді. Мәселен, күмән тудыратын шетелдік активтерді сатып алмас еді. Немесе елдегі үш зауытты баяғыда жаңартып, шикізатпен толық қамтамасыз етер еді.
Ал біз нені көріп отырмыз? Компания Румыниядан мұнай өңдеу зауытын сатып алып, тезірек модернизация жүргізді. Өйткені Еуропада мұнай өнімі қымбатырақ тұрады, сол себепті оны Қазақстанда емес сол жақта сатқан тиімдірек.