АСТАНА, 22 фев — Sputnik. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың даулы мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді.
Атамбаев өткен аптаның соңында Еуропаға жасаған іс-сапары барысында Euronews арнасына берген сұхбатында Қазақстан туралы былай деді «Егер біз Еуразиялық экономикалық одаққа кірмесек, бізге блокада қаупі төнді. 2010 жылы Қазақстан бізге 1,5 айға шектеу жасады, тіпті бізде адам құрбандары да болды».
«Қырғыз президентінің мұндай мәлімдеме жасауына конъюнктуралық ішкі саяси жағдай себеп болуы мүмкін. Оның немен байланысты екенін бізге айту қиын. Саяси тартыс, саяси күштер арасындағы ішкі қарым-қатынастар болуы ықтимал», — деді Әшімбаев бүгін Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Оның пайымдауынша, қырғыз президенті «жағдайды осылай ушықтыру» арқылы қандай да бір ішкі саяси мақсаттарға қол жеткізгісі келуі әбден мүмкін.
«Десек те, халықаралық саясат, елдер арасындағы байланыс белгілі бір конъюнктуралық мәлімдемелер мен іс-қимылдардың өзегі болмауы керек. Өйткені бұл байланыстар біздің елдердің ұлттық мүддесін қозғайды», — дейді депутат.
Мәулен Әшімбаев, сонымен қатар, осы жылдары бойы Қазақстанның қырғыз елімен сындарлы байланыс орнатып, оларға үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
«Менің ойымша, әрине, мұндай мәлімдемелер біздің қарым-қатынасымызға жағымсыз әсер етеді. Десек те, Қазақстан әрі қарай да бұл елмен сындарлы байланысын белсенді түрде дамыта беретін болады», — деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақтан барлық бірлескен жобаларды қолдап, азаматтардың екі ел арасында жүріп-тұруына жағдай жасайды және ынтымақтастықтың трансшекаралық бағыттарын дамыта бермек.