АСТАНА, 22 ақп — Sputnik. Қазақстандық сейсмологтар жыл басынан бері бюрократиялық қателік салдарынан жалақы ала алмай отыр, бұл елдің сейсмологиялық өңірлерінің тұрғындарына қауіп төндіреді, деп мәлім етті мәжіліс депутаты Екатерина Никтинская.
Сәрсенбіде мәжілістің жалпы отырысында сөз алған Никитинская, "Ақ жол" фракциясының депутаттарына Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедицияның еңбек ұжымы жүгінін айтты.
Экспедиция ҚР білім және ғылым министрлігінің қарауында, ол 1927 жылдан бастап елде сейсмологиялық бақылау мен мониторинг жүргізеді.
Депутат, қаржы министрлігінің хатына сілтеме жасай отырып, экспедицияның қаржыландырудан ұлттық экономика министрілігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетінің (ТМРК) теріс қорытындысына байланысты алынғанын хабарлады. ТМРК экспедиция жұмысын қателесіп геологиялық барлау және іздеулер жөніндегі қызметке жатқызған. Іс жүзінде ұйымның жұмысын техникалық зерттеулер мен сынамалар жүргізетін мекемелерге жатқызу керек болатын. Ол үшін бюджеттен 418 миллион теңге қарастырылған, ол қаражат қазір сұранымсыз болып тұр.
"Геологиялық барлау саласына іс жүзінде жүздеген кәсіпкер жұмыс істейді. Мұндай қызмет бәсекелес ортаға беруге жатады. Бірақ сейсмологиялық бақылаулар мен мониторинг геологиялық барлауға жатпайды. Сейсмология – бұл табиғи және техногендік сипаттағы жер сілкіністерін зерттейтін геология бөлімі. Бұл сала ешқандай кен орындарын іздеу және игерумен айналыспайды. Елімізде бұл салада бір мекеме ғана жұмыс істейді ол – сол экспедиция", — деді Никитинская отырыста.
Депутаттың сөзіне қарағанда, БҒМ осы және басқа да дәлелдерді табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетке келтірген. Ол, Қазақстанның бүкіл аумағы сейсмоқауіпті аймақта орналасқанын, ал оңтүстік және шығыс өңірлері MSK-64 шкаласы бойынша 7-ден 10 баллға дейінге жер сілкінісінің қауіпі үстінде тұрғанын атап өтті. Тек тұрақты сейсмологиялық мониторинг адам өмірін құтқару бойынша қажетті шараларды жоспарлап қабылдауға, дұрыс бағалауға, бұл қауіп-қатерлерден келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді, деп қосты депутат.
"Бірақ Комитетке өзінің бюрократиялық қателігін қайта қарап шығудың орнына, Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлерінде тұратын тоғыз миллион адамның өмірін қатерге тігу оңайлау сыңайлы", — деп мәлім етті Никитинская.