Қоғам

Сағадиев министрлік тізгінін ұстаған 1 жылда не істеді

© Photo : Министерство образования и науки Республики КазахстанЕрлан Сағадиев
Ерлан Сағадиев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ерлан Сағадиевтің ҚР Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалғанына 1 жыл толды

АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Осы уақытта отандық білім жүйесінде нендей жұмыстар істелді және алда қандай жоспарлар бар? Министр бұл сауалдарға өзі жауап берді.

Жаңарған ҰБТ

Мұны ата-ана да, оқушылар да күтті. Жаман өтіп жатқан жоқ. Нәтижесінде, 2016 жылы жоғары білім алу мүмкіндігін қосымша 17 мың бала алды. Тұтастай алғанда, біз жоғары білім алу мүмкіндігін жеңілдету керек деп ойлаймыз және солай істеліп те жатыр. 

Айтпақшы, ҰБТ туралы алаңдамауға да болады. 1 ақпаннан бастап байқау тестілеуді үйде онлайн отырып та тапсыруға болады. 

Биыл грант саны бакалавр үшін 31-ден 36 мыңға дейін өсті. Магистранттар үшін – 7 мыңнан 10 мыңға дейін, докторанттарға – 1 100. Жақсы өсім, бұған қоса біз аймақ әкімдерінен жергілікті ЖОО-ға өздерінің гранттарын бөлуді сұраймыз. Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары бақылау кеңестерінің таңдауымен сайланатын болды. Бүгінде 5 ректордың сайлауы өтті. Бірінші жартыжылдықта бұл рәсімнен тағы 6 ректор өтпек.   

Бастысы – жаңартылған мазмұнға өту

Былтыр жаңартылған мазмұндағы бағдарламалар бойынша 1-сыныптар оқытыла бастаса, биыл кезек 2, 5, 7-сынып оқушыларына келді. Бұл тұста айта кетерлігі – мұғалімдерді даярлауда да көп жұмыс бар. Былтыр жазда 74 мың мұғалім қайта оқытылғанын көпшілік біледі. Бүгінде бұл жұмысты оқу жылы бойна жалғастырып жатырмыз. Биылғы жазда тағы 75 мың ұстаз оқытылмақ. Бұған қоса 5 күндік оқу аптасына көшу үдерісі жүреді. 

Базалық оқулықтардың маңызы туралы да айта кеткен артық болмайды. Бұл оқулықтардың авторлық құқығы мемлекетке тиесілі екендігін айтып жүрміз. Бұл – өте маңызды. Оқулықтарды 1-сыныпқа жасалғандай онлайнға салу мүмкіндігі пайда болады.

Архивное фото участников тестирования - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Білім министрі ҰБТ түрінің өзгеруі туралы айтып берді

Келесі маңызды мәселе – үй тапсырмаларының көлемі. Ауқымды халықаралық сараптама мәліметтері бойынша, біздің оқушылар үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақыт көлемі жағынан 65 мемлекет ішінде 4-орын алып отыр. Дегенмен, халықаралық сарапшылар үй тапсырмасы көлемінің балаларымыздың білім алуда табысты болуына ықпал етпейтінін алға тартып отыр. Сол себепті де үй тапсырмасының көлемін қысқартуға негіз бар. Осы мәселе бойынша мұғалімдер мен мамандардан құралған екі ірі топ жұмыс істеді. Олардың еңбектері үшін рахмет айта кеткім келеді. Үй тапсырмаларын ұйымдастыру және орындау жөнінде методикалық ұсынымдардың екі нұсқасы дайындалды. Біріншісінде үй тапсырмасы барлық пән бойынша, бірақ аз көлемде берілу ұсынылса, екіншісінді үй тапсырмасының барлық пәннен берілмеуі ұсынылды. Екі нұсқа бойынша да үй тапсырмасы бір күнде орташа 1 сағатқа қысқарып, демалыс күндеріне берілмейді. Бүгінде бұл ұсынымдар ата-аналар мен педагогтардың талқылауына берілді.  

Электронды күнделік туралы жеке айтқым келеді. Бұл жүйе былтыр 4000 мектепке енгізілді. Онлайн күнделік жүйесі 166 мың мұғалімді (ұстаздар санының жартысынан көбі), 1,3 миллион оқушыны –  бұл да жартысына жуық және 747 мың ата-ананы қамтып отыр. Бүгінде аптасына 20 миллионнан астам баға онлайн түрде қойылып, үй тапсырмасы бойынша 7 млн-нан аса сұраныс түскен. Яғни, жыл аяғына дейін шынайы цифрға жүгіне аламыз. Бұның бәрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үдерісі аясында жасалып, оған мемлекет тарапынан бір тиын да жұмсамайды. 

Бүгінде көбінесе дәл осы «Күнделік» неге қабылданды деген сұрақ қойылады. Өйткені, олар мемлекетке, ата-ана мен балаларға тегін қызмет көрсетуді бірінші болып ұсынды. Иә, олар балалар тауарларын жарнамалайды, бірақ жүйенің жұмысын жүргізу үшін оларға да табыс көзі керек қой.  

Қағазбастылықтан қалай құтыламыз?

Тағы бір проблеманы шешу қажеттілігі туралы бірер сөз айтудың реті келіп тұр. Бұл – мұғалімдердің қаптаған тексерушілердің алдындағы қорқынышы. Осы қорқыныш оларды қағаз журналды да, электронды журналды да қатар жүргізуге мәжбүрлеуде. 

Бүгінгі басты міндет – бұл прокуратура, Білім және ғылым, сондай-ақ, қаржы министрліктері бірігіп, ортақ бұйрық шығарып, заң алдында электронды және қағаз журналдарын теңестіру. Бұл туралы барлық тексерушілерге жеткізіп, педагогтардың қорқынышын  жою.  

Екінші проблема – әр мектепте, әр сыныпта интернеттің болмауы. Бұны тез арада шешу қажет. Үшінші мәселе – компьютерлердің тапшылығы. Алдымен ауылдық мектептерді жабдықтаймыз. Былтыр біз 7 300 компьютер жиынтығын алсақ, келесі жылы 12 000 «үштік» алуды жоспарлап отырмыз. Түптің түбінде ең шалғайдағы ауылдарды электронды күнделікті пайдалану мүмкіндігімен, барлық пән бойынша үздік бейнесабақтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. 

Мұғалімдер міндетіне жатпайтын жұмыстарға «жегілмейді»

Тағы бір маңызды мәселе – бұл мұғалімдерді міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға тыйым салмақпыз. Бүгінде олар медициналық анализдер жинап, «Оңай» карточкаларын тарату сынды жұмыстарды істейді, үй-үйді аралап жүр… Заң тарапынан бұған тыйым салған. Біз алдымен бұл сұрақты ведомствоаралық деңгейде көтеріп, сондай-ақ, құжат жүзінде бәрін реттеп, мәселені түпкілікті шешу жолын таппақ ниеттеміз. 

Биылғы бірінші жартыжылдыққа қойып отырған тағы бір ауқымды міндетіміз – ол мектептердегі ақша жинау мәселесін шешу. Алдымен анықтап алатын нәрсе – әр нәрсені сылтауратып ақша жинау бар да, ерікті түрде ақша жинау деген бар. Өйткені, кейбіреулер мектепке болсын, басқа да оқу орнына болсын демеушілік танытуы мүмкін. Осылардың ара-жігін ажыратып алған жөн. Жалпы, қоғам тарапынан мектепке көмек беріліп жатса, жаман емес. Демеушілік танытқан атымтай жомартты қоғам білуі тиіс. Қаражаттың қандай мөлшерде түсіп, нендей мақсаттарға бағытталатынын ашық көрсететін, әрбір қадамы реттелген ереже қабылдап, оның қадағалануын мектеп директоры емес, қоғамға (мектептің қоғамдық кеңесі) тапсырылуы тиіс деп білеміз.

Мектеп - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Мұхтар Тайжан: мемлекет өз азаматтарын ана тілінде білім алу құқығынан айырмауы керек

Алдағы уақытта мектептерде әр оқушыға жеке шкаф қойылатын болады. Бастауыш сыныптың шәкірттері өздерінің оқулықтарын, ауыстыратын аяқ киімдерін, формаларын  жеке шкафтарында қалдыра алатын болады. Үкіметтен қолдау тапқан тағы бір жақсы бастама – оқушыларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ол үшін мектептерде диспенсер, сүзгі, фонтан секілді арнайы құрылғылар орнатылады. 

Тіл үйренуге ыңғайлы методика

Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың жаңа методикасы жасалды. Бұл әлемдік тілдерді тез оқытатын үлгілер бойынша құрылды. Біз үйреншікті грамматиканы оқытудан кетіп, коммуникация жағына бет бұрамыз. Минимум сөздігі енгізілуде. Енді механикалық ереже жаттау және мәтінді аудару деген болмайды. Бастысы, балалардың қазақ тілінде сөйлеп кетуі. Былтыр біз тіл мамандарымен жұмысты бастадық. Қыркүйектен бастап қазақ тілін деңгейлі әдіспен оқыту бірнеше мектепке пилоттық негізде жүргізіліп, ары қарай бүкіл Қазақстан бойынша оқытылатын болады. Неге бірден енгізілмейді деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл үшін қажетті оқулықтар, оқыту әдістемелері, мұғалімдердің дайындығы және осыған қатысты бірқатар ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет екені түсінікті. 

Ағылшынша оқыту жөніне келсек, биылдан бастап 5000 ұстаз – пән мұғалімдері тереңдетілген тілдік курстарда оқиды. Яғни, тілді терең меңгермек. Биылғы күзден бастап жүзге тарта жаңа сынып ағылшын тілінде оқуға көшеді деп жоспарлап отырмыз. 120 мектепте ағылшын тілінде сабақ беріп жүрген қосымша 2,7 мың мұғалім бар. Әрине, бұны тек оқушыларымыздың ата-аналарының жазбаша рұқсатын алғаннан кейін, ерік білдірген жағдайда ғана жүргіземіз. Биыл біз дайындыққа қажетті уақытқа, оқыту сапасына және мұғалімдердің дайындығына қатысты көптеген сұрақтарға жауап аламыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жоғары сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға қатысты шешім тек 2018 жылы қабылданады.        

Баланың көңілі… білімде

Балалар үйлері туралы айтпай кетуге де болмайды. Біз балаларды асырап алушы ата-аналардың қажетті ақпараттарға қол жеткізу жолдарын жеңілдетуді қамтамасыз ету үшін республикалық деректер базасын ашу міндетін қойған болатынбыз. Нәтижесінде, 6 балалар үйі жабылды, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны бір жыл ішінде 1 мыңға азайған. Ең бастысы, балалар үйлерінде қоғамдық бақылау орнату қажет. Сондықтан да, елдегі барлық балалар үйлеріне үкіметтік емес ұйымдардың, партия, мәслихат, т.б өкілдері кіретін қадағалаушы кеңестер құру жоспарымызда бар. Сәбилер үйлерінде не болып жатқанын жергілікті қоғам өкілдері бақылай алатын болады. 

Енді балабақшалар мен ондағы кезек мәселесі. Алдымен керексіз ережелер мен жемқорлықты жойып, кезегімен тәртіп орнату қажет. Біз санитарлық нормаларды қарадық, орындардың жетіспеуіне оның да кедергісі бар. Жаңа санитарлық ережелер мен нормаларға (СЕН) сәйкес, балабақша ашу жеңілдетіледі. Егер біз мектепке дейінгі мекеме қызметінің сапасы бәсекеге қабілетті болуын қаласақ, «Балапан» бағдарламасы бойынша төленетін ақшаны бағыттау туралы шешім қабылдауды ата-ана еншісіне қалдырамыз. Олар өздерінің көңілдерінен шығатын мекемені таңдап, мемлекеттік тапсырысты соған бағыттайды. 

0-сынып 2019 жылдан бастап, ал барлық пилоттық мектептер мен балабақшаларда – биылдан бастап енгізіледі. Мектептер мен балабақшаларда ашылатын 0-сыныптың мәні – мектепке дейін бірыңғай бағдарламамен «Әліппе», «Букварь» бойынша әліпбиді үйрену, әріптерді тану, буындап оқу, қарапайым сөйлемдер құрай бастау.

Енді мұғалімдердің аттестациясы мәселесіне келсек. Аттестация ондаған жылдардан бері өзгеріссіз келеді. Қараңыздар, реформа жүргізіп жатырмыз, ал талаптар – ескі. Яғни, жұмыс істемейтін құжат қаншама педагогтардың тағдырын шешуде! Осыған байланысты не істеліп жатыр? Барлық дамыған елдердегідей педагогтың стандарты қабылданады. Бұл – педагогтардың стандартын, оқытылуын, аттестациясын және бағалануын қамтитын салалық біліктілік шегі. Бұл жұмыспен сарапшылардан құралған үлкен топ – 100-ден аса маман айналысып жатыр, сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің өкілдері де бар.  

Әлемнің жылдам қадам басып келе жатқанын түсінуіміз керек. Бұны көріп те жүрміз. Біздің балаларымыз қарыштап алға қарай кетіп бара жатқан заманауи, бәсекеге қабілетті әлемде өмір сүрулері керек. 25 жылда көп нәрсе істелді. Біз өзге елдердің жағымды және жағымсыз тәжірибелерін жиі саралап отырмыз. 

Сөзіміздің түйініне келсек, уақыт бәрін көрсетеді. 

Мәтіннің толық нұсқасын министрлік сайтынан оқи аласыздар. 

Жаңалықтар
0