АСТАНА, 20 ақп – Sputnik. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның пікірінше, мемлекет өз азаматтарын ана тілінде білім алу құқығынан айырмауы керек. Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Алматы әкімі Бауыржан Байбекке үш тілде оқыту жүйесіне қатысты берген жауабында айтады.
"Біз мектепте ағылшын тілінің пән ретінде оқылуына қарсы емеспіз, мұны қолдаймыз. Бірақ біз пәндердің тек ағылшын тілінде оқытылуына қарсымыз. Біз ағылшын тіліне қарсы емеспіз. Өзіміз оқыдық, балаларымызды оқытып жатырмыз. Ағылшын тілі қажет, онымен ешкім дауласпайды. Бірақ пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қарсылық танытудамыз", — дейді Тайжан.
Оның айтуынша, қай тілде білім алатынын әркім өзі шешуі тиіс.
"Адамда таңдау болу керек. Пәндерді өз ана тілінде немесе ағылшын тілінде оқитынын өзі шешуі керек. Қазақстанда баланың қай тілде білім алатынын министр шешпеуі тиіс. Кейбіреулер пәндерді ағылшын тілінде оқығысы келеді. Мұны мен жоққа шығармаймын. Арнайы мектептер, факультативтер, тағы да басқа амалдары болуы мүмкін. Бірақ балаларға пәндерді өз ана тілінде оқытпау — бұл министрдің, одан қалды мемлекеттің ісі емес. Мәселе осында болып отыр", — дейді қоғам қайраткері.
Оның сөзінше, математика, информатика, физика, география, дүниежүзі тарихын қазақ тілінде оқытпау дегеніміз — осы пәндер бойынша оқулықтар, ұстаздар керек емес деген сөз. Қазақ тілінде ғылымның дамуы да тоқтайды.
"Ағылшын тілін жастарымыз білсін, оқысын. Бірақ бұл дегеніміз мемлекеттің өз азаматтарын пәндерді ана тілінде оқу құқығынан айыру деген сөз емес. Бұдан бөлек, физика мен математиканы қазақ тілінде оқу оңай емес, ал сіздер балаларды жаппай ағылшын тілінде оқытпақшысыздар. Мұндай тәжірибе әлемде ешбір жерде жоқ. Бүкіл жерде мемлекет азаматтарының орта білімді өз ана тілінде алу конституциялық құқығын қамтамасыз етеді", — дейді Тайжан.
Мұхтар Тайжан үштілділік жүйесі бағдарламасын жалпақ жұртқа жариялап, оны жан-жақты талқылауды ұсынды.