АСТАНА 27 қыр — Sputnik. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі (ҰБТ) өзгеріс сауалдар құрылымына қатысты болады деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
"ҰБТ бұрын қалай өткізілсе, солай өткізіледі, тек сауалдар құрылымы өзгереді", — деді Сағадиев сейсенбіде баспасөз конференциясында.
Тестілеуге барлығы жауап беретін математика және өзге пәндер бойынша қалыпты 60 сауал кіреді. Келесі 60 сауал талапкердің болашақ мамандығымен байланысты болады, оларды екі бөлімге бөледі.
"Шартты түрде айтқанда, егер талапкер медицинаға түссе, биологияға қатысты 30 сауалға және химияға қатысты 30 сауалға жауап береді", — деп қосты министр.
Оның айтуынша, ҰБТ жаңа түрінің жобасын әзірге шағын құрамда мектеп директорлары және ЖОО ректорлары талқылауда. Талқылау аяқталған соң жоба Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланады.