АСТАНА, 17 қаң — Sputnik. Сейсенбі күні Қазақстанның электрондық үкімет порталында азаматтарды тұрғылықты жерлері бойынша уақытша тіркеу қызметі қол жетімді болды, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.
Онлайн тәртібінде тіркелу үшін тұрғын үй иесі мен онда тіркелу ниетін білдірген азаматта электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы және порталда авторизациядан өтуі қажет.
Өтініш беруші – жылжымайтын мүлік иесі болса, ол мекенжайды, тіркелу мерзімін (1 айдан 12 айға дейін) көрсетуі тиіс, сонан соң онлайн түрде көрсетілген қызмет үшін мемлекеттік бажды төлеп және ЭЦҚ өтінімге қол қоюы тиіс.
Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда, өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ын, жылжымайтын мүліктің мекенжайын, уақытша тіркелудің мерзімін көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін сұрау салуды жіберуі қажет.
Егер де тұрғын үйдің бірнеше меншік иесі болса, олардың біреуінің ғана деректерін көрсету жеткілікті, қалғандары жүйемен ҚР "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік деректер қоры арқылы автоматты түрде анықталатын болады.
Меншік иесі (біреу немесе бірнешеуі) өзінің келісімін ЭЦҚ арқылы растайды, одан соң өтінім тіркелуге ниетті азаматтың Жеке кабинетіне оралып келеді. Оған мемлекеттік баж төлемін онлайн түрде жүргізіп және де өзінің сұрау салуына ЭЦҚ қол қоюы қажет.
Осыдан кейін, өтінім ҚР ІІМ жүйесіне түседі, оның өңделуіне 10 минуттан аса емес уақыт кетеді. Өңделіп болған соң, порталда "Уақытша мекенжайдың тіркелуі сәтті түрде өтті" деген мәртебе көрсетіледі.
Мекенжай анықтамасын ала отырып, уақытша тіркелу мекенжайын тексеруге болады. eGov.kz порталында уақытша тіркелу қызметі арқылы балаларды тіркеуге болмайтынын атап өтеміз. Оларды тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" (ХҚКО) мемлекеттік корпорациясының бөлімдеріне жүгіну қажет. eGov.kz немесе ХҚКО арқылы уақытша тіркелу жөніндегі барлық сұрақтар бойынша азаматтар тегін тәулік бойы жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне қоңырау шала алады.