АСТАНА, 7 жел – Sputnik. 2016 жылдың 7 желтоқсанында Атырау қаласында Елбасының қатысуымен әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі және Қазақстандағы бірінші теңіз кен орны болып табылатын Қашаған ресми таныстырылды деп хабарлады республиканың энергетика министрлігі баспасөз қызметі.
2016 жылдың 1 қарашасында Қашағанда өндіру тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейге жетті. Қазіргі уақытта өндірудің деңгейін арттыру және оны тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 1 миллион тонна мұнай және 680 миллион метр куб газға жуық, 2017 жылы – 8,9 миллион тонна мұнай және 5,6 миллиард метр куб газ өндіру жоспарлануда. Келесі жылдары жылына 13 миллион тонна мұнай және 9 миллиард метр куб газға дейін өндіруді арттыру жоспарлануда.
Қашағанды игерудің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылымы салынды: "Ерсай" (Құрық порты) және "Каспиан Оффшор Марин Констракшн" (Ақтау теңіз порты) ауыр тонналы металл құрастырылымын шығару бойынша зауыттар салынды; Баутин портында кеме жөндейтін зауыты салынды; теңіз операцияларын қолдау базасы (Баутин порты), мұнай төгілуіне ден қою базасы және өзге де объектілер құрылды.
Шлюмберже, Сименс, Энерджи Вуд Групп, Сайпем секілді халықаралық компаниялар өз білімдері, технологиялары және тәжірибелерімен кірген 70-ге жуық бірлескен компаниялар/ әріптестіктер құрылды.
Қазіргі кезде Қашаған жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50%-дан астам 274 компания жұмыс жасайды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында Консорциум Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 500 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлді.