Экономика

Қашаған мұнайы әлемдік нарыққа шығарылды

© Sputnik"Қашаған" мұнай кен орны
Қашаған мұнай кен орны - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Үш жыл асыға күткен Қашаған мұнайы құбыр жүйесіне жіберілді.

АСТАНА, 14 қаз — Sputnik. Қашағаннан экспортталатын мұнайдың алғашқы партиясы жұма күні Каспий құбыр консорциумына түсті деп хабарлады Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Шын мәнісінде, жалпы көлемі жеті мың тоннаны құрайтын мұнай іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде алынған. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.

Күткенімізге үш жыл болды

Негізінде, Қашағаннан мұнайы нарыққа осыдан үш жыл бұрын шығарылуы тиіс еді. Ол кездері көмірсутекті шикізат бағасы бір баррелге 100 доллар көрсеткішіне жете-қабыл болатын. Қашағанның геологиялық қоры 4,8 миллиард тонна мұнайды құрайды. Жалпы мұнай қоры 38 миллиард баррель, оның ішінде 10 миллиардтай баррелі алынады, табиғи газ қоры 1 триллион метр кубтан асады. Бір сөзбен айтқанда, мұнай да, газ да көл көсір.

Бірақ Қашағандық мұнай долларлары қазынаға да, инвесторлар қалтасына да түспеді. 2013 жылы басталған мұнай шығару  газдың шығып кетуі салдарынан тоқтатылған еді. Жарылған құбырды тез арада жөндеп, бірнеше апта ішінде мұнай шығару жұмысы жалғастырылды. Бірақ көп ұзамай 2013 жылы қазанда тура сондай жағдай орын алды. Қаншама айлар бойы сараптама жасалып, құбырда көптеген жарықшақтардың бары анықталған еді.

Жоба операторы – NCOC консорциумы 2014 жылы сәуірде Қашағандағы жалпы ұзындығы 200 км жететін газ және мұнай құбырларын толықтай ауыстыру керектігін мәлімдеген болатын. Жөндеу жұмысы бірнеше жылдарға созылды. Мінекей, енді мұнайды алғашқы партиясы шығарылыпты.

Бірінші партия кетті

2016 жылдың 28 қыркүйегінде Солтүстік Каспий консорциумы теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды тестілеу және іске қосу-баптау жұмыстарына кірісті. "А" аралының бірнеше ұңғымасы ашылды. Теңіз кешенінің құрылғылар жұмысы тұрақталғаннан кейін мұнай мен газ "Болашақ" зауытына жөнелтілді.

Энергетика министрлігі айтып өткендей, қазіргі уақытта теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды іске қосу-баптау, бақылау-өлшеу аспаптарын және технологиялық процестерді басқарудың автоматты жүйелерін тестілеу жалғастырылуда. "Тұрақты жұмыс режиміне шығу біршама уақытты қажет етеді", — деді министрлікте нақты мерзімін көрсетпей. Ол да жөн. Біріншіден, алда не боларын ешкім білмейді. Екіншіден, мұнай нарығында алдын ала әбігер туғызудың керегі жоқ.    

Жаңалықтар
0