АСТАНА, 30 қар — Sputnik. АҚШ-тың сайланған президенті Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан мен АҚШ басшылары жұма күні телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында табыс тіледі.
"Трамп тәуелсіздік жылдарында республикамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғажап жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті", — делінген хабарламада.
Әңгіме барысында әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
Қазақстан Президенті еліміздің ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыз әлем жолындағы күресті халықаралық қоғамдастықпен бірлесе жалғастыратынын айтты.
Трамп бұл ұстаныммен толықтай келісетінін жеткізді.
"Жаһандық деңгейде шешілуге тиіс ядролық қарусыздану мен оны таратпаудан асқан маңызды мәселе жоқ", – деді АҚШ-тың сайланған президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Трамптың назарын Ресей мен Америка ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беретін басты үш салаға аударды. Олар: терроризммен күрес, Украинадағы дағдарысты реттеу және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту.