АСТАНА, 22 қар – Sputnik. АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп президенттігінің алғашқы 100 күні ішінде қандай реформалар жүргізетіндігі туралы бейнеүндеу жариялады деп жазады РИА Новости. АҚШ-тың жаңа көшбасшысы 20 қаңтардан бастап өз қызметіне кіріседі.
Ұсынған мәлімдемесінде Трамп сайлау алды бағдарламасының бүкіл тезистерін қайталап шықты. Олар сауда келісімдері, энергетика, миграция, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқарманы қарастырады.
ТТС-тен шығу
Саясаткер мемлекет басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде Транстынықмұхиттық серіктестік туралы келісімнен шығуға қол жеткізуді көздейтіндігін айтты.
"Мен біздің елімізді апатқа әкеп соқтыруы мүмкін Транстынықмұхиттық серіктестіктен шығу туралы хабар таратпақшымын. Оның орнына біз әділетті екі жақты сауда келісімдерін жасасамыз, соның арқасында жұмыс орындары мен өндіріс Америкаға қайта оралады", — деп мәлімдеді Трамп.
Энергетика
Трамп көмірсутегі өндірісін шектеуді тоқтататындығын мәлімдеді.
"Мен Америкадағы энергия өндірісі саласындағы жұмыс орындарын құртып отырған шектеулерді тоқтатамын, бұған қайраңдардағы энергия ресурстары мен көмір өндірісі кіреді. Сөйтіп, миллиондаған жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Біздің бар қалауымыз да, бар күткеніміз де – осы", — деді сайланған президент.
Қауіпсіздік
Сонымен қатар, сайланған президенттің мәлімдеуінше, ол елдің қорғаныс министрлігіне өмірлік маңызды инфрақұрылымдарды кибершабуылдардан және басқа да қауіптерден сақтайтын жоспар құруды тапсырады.
Соңғы жылдары АҚШ жергілікті және басқа елдің мүддесін қорғаушы хакерлердің мемлекеттік және жеке ресурстарға кибершабуылдар жасап жатқандығын айтып, бірнеше мәрте шағымданған болатын.
Визалық режим
Сонымен бірге Трамп елдегі мигранттар тарапынан жасалған бүкіл визалық бұзушылықтарды тергеуді талап ететіндігін мәлімдеді.
"Еңбек министрлігіне америкалық жұмысшыларға зиян келтіріп отырған визалық бағдарламалардың бұзылуын тергеуді тапсырамын", — деді Трамп.
Сайлау алды кампаниясы кезінде саясаткер АҚШ-тың миграциялық саясатын қатаңдатып, заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөнінде шаралар қолданатындығын айтқан болатын. Бұл оның бағдарламасының ең маңызды тарауларының бірі еді.