АСТАНА, 28 қаз — Sputnik. Кішкентай қызы Айлинді ұрып соғып, бейнежазбаға түсірген Павлодар қаласының тұрғыны Нұргүл Докуова қазақстандықтардан кешірім сұрап, ата-ана құқығынан айырмауды сұрады деп хабарлайды 31 арна.
Бұдан бұрын Instagram әлеуметтік желісінде пайда болған бейнежазбада белгісіз бір әйел жыламсыраған сәбиді балағаттап, ұрып соққан. Бейнежазбаның астында әйелдің туған қызын бұрынғы күйеуін бопсалау үшін ұрғаны жазылған. Кейіннен полиция әйелдің кім екенін анықтады. Ол Павлодар қаласының 1982 жылы туылған тұрғыны болып шықты. Әйелге қатысты ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сот алды тергеу ісі жүргізілуде. 2012 жылы туылған сәби балалар үйіне жіберілді.
БАҚ мәліметінше, бейсенбі күні Нұргүл Докуованы білім беру бөліміне шақырып, түсініктеме беруін талап еткен. Мамандар сәбиді өз қамқорлығына алу туралы әкесінің берген арызын қарастырған.
"Маған өте қатаң психологиялық қысым көрсетілді. Бұл адамдар жан төзгісіз соққы жасады, қатты қиналдым. Шағым айтып, ешкімнің алдына бара алмадым. Қазір сәбиімнің жағдайын ойлап алаңдап жүрмін, оны қайтарғым келеді. Үлкен қызым да уайымдап, жылап жүр. Құдай үшін кешіріңіздерші мені, қатты өкінемін. Балаларымның анасыз өскенін қаламаймын", — деді Докуова.
Телеарнаның айтуынша, қазіргі уақытта қамқоршы органы мамандары шу шығарған бейнежазбаны мұқият зерттеп жатыр. Анасын ата-ана құқығынан айыруға сотқа арыз әзірленуде.
"Әкесіне келер болсақ, қазір баланы қайтару туралы мәселе қарастырылып жатыр. Ол барлық құжаттарды – жұмыс орнынан мінездеме, учаскелік инспектор рапортын, тұрмыс жағдайын зерттеу актісін әкелуі тиіс. Егер шынымен тұрмысы жақсы болса, сәбиді әкесінің қолына береміз", — деді Павлодар білім беру бөлімінің қорғаншы және қамқоршы секторының меңгерушісі Орынбасар Темірболатова тілшілерге.