АСТАНА, 20 қаз — Sputnik. Танымал продюсер Баян Есентаеваның бұрынғы күйеуі Есентаеваның оны бас бостандығынан айырмауын сұрағанына қарамастан қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды, деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бұның алдында Баян Есентаева Бақытбек Есентаевқа бас бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды сұраған. Ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында Бақытбек Есентаевты кешіріп, "ол парақты жауып тастағанын", ал оның өмірі "жалғасып жатқанын" хабарлаған.
Алматы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жәбірленушінің Бақытбек Есентаевқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрағаны туралы өтініші осы қылмыстық іс бойынша сотталушыға тағылып отырған айыптар аясында қаралады. Бұл өтініш жаза тағайындағанда ескерілетін болады.
Сотта Бақытбек Есентаевтың зорлау мен зорлық әрекеттермен ұласқан кісі өлтіруге оқталуда айыпталғандығы мәлімденген. Бұл қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Сондықтан оның тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына мүмкіндік жоқ.
Сотталушы айыпталып отырған қалған қылмыстар — зорлау мен жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері ауырлығы бойынша орта деңгейдегі қылмыс. Сондықтан іс айыптаудың осы бөлігінде ғана тоқтатылуы мүмкін.
"Ал Бақытбек Есентаевқа тағылып отырған аса ауыр қылмысқа жәбірленуші берген өтініш соттың шешім шығару кезінде алқа билермен ескерілуі мүмкін", — делінген соттың хабарламасында.