АСТАНА, 18 қаз — Sputnik. Баян Есентаева ісі бойынша 12 сот алқабиі таңдалды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі тілшісі.
Жұбайы Баянға қастық қылды деген күдікпен айыпталып отырған Бақытбек Есентаевтің қылмыстық ісі бойынша сот талқылауы Талдықорған қаласында ауданаралық арнаулы сот ғимаратында өтеді.
Процесс жабық режимде өтеді. Берілген мәлімет бойынша, тыңдау барысында 50 адамның арасынан сот алқабилері таңдалынған.
"Алқабилер жеребе салу арқылы таңдалынды. Үміткерлер міндетті түрде екі тілде, яғни орыс және мемлекеттік тілде сөйлей білуі тиіс. Одан басқа, үміткерлерге қойылатын талаптар қатарына үш жасқа толмаған баласының болмауы, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік құрылымдарда туған-туысының жұмыс істемеуі кіреді. Сонымен қатар, үміткерлер процеске қатысушылармен туыстық немесе басқа қарым-қатынаста болмауы керек", — деді Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ аулынан келген алқабилікке үміткер Рая Доспамбетова.
"Сот алқабилері бүгін ғана таңдалды. Олардың саны Қазақстан заңнамасына сәйкес 12 адамнан аспауы керек. Тыңдау түскі астан кейін жалғасады", — деп түсініктеме берді сотталушының ресми қорғаушысы Бекболат Жақсейітов.