Биыл Қазақстанда оқу жылын 3,4 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 270 мыңға жуық 9-сынып оқушысы мен 150 мыңнан астам 11-сынып оқушысы бар. "Алтын белгіге" 9 822 оқушы үміткер болып отыр.
Бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің біріне барып, түлектерге тілегін айтты.
Соңғы қоңырауды дәстүрлі түрде өткізген мектептерде бітіруші сыныптардың салтанатты шарасының арасында 30 минут үзіліс болды. Іс-шара уақыты 45 минуттан аспады.
Алайда бұл күн келеңсіз жағдайсыз өтпеді. Маңғыстау облысында іс-шараның соңы төбелеске ұласты. Бейнеу ауылында екі мектептің оқушылары төбелесіп қалды. Полицияның хабарлауынша, жаппай төбелес күндіз 11 шамасында болды. Оқиға орнына 7 адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тергеу шаралары басталды.
Айта кетейік, былтыр мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырауы 3-4 маусымда өтті. Сол уақытта мектеп түлектеріне аттестат тапсырылды. Ал 1-ден 10-ға дейінгі сыныпта оқитын оқушылар мектеппен онлайн режимде қоштасқан болатын.