НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Маңғыстау облысында екі мектептің оқушылары төбелесіп қалды. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жаппай төбелес бүгін сағат 11:00-де Бейнеу ауылында болған. Екі мектептің оқушылары төбелескен.
"Ж.Қалдығараев атындағы және Ы.Алтынсарин атындағы мектеп оқушылары арасында төбелес болған. Оқиға орнында 7 адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тергеу шаралары басталды.
Айта кеткен жөн, бүгін мектептердегі соңғы қоңырауға байланысты полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.