НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Токио Олимпиадасында қазақ боксшысы Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бибосынов ширек финалда испаниялық Эскобар Маскунаномен кездесті. Бірінші раундта бес төрешінің төртеуі қазақ боксшысына жоғары ұпай берді.
Екінші раундта Маскунаноға жоғары ұпай берілсе де, үшінші раундты Бибосынов алды. Қорытынды есеп – 4:1.
Жартылай финалда жерлесіміз Ұлыбритания боксшысы Галаль Яфаймен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жек 5 тамызда өтеді.
Айта кетейік, кеше Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) ресейлік боксшыны жеңіп, жартылай финалға өткен болатын. Бүгін Закир Сафиуллин де жартылай финалға шығу үшін жұдырықтасады. Оның қарсыласы - аустралиялық Гари Гарсайд.