Қоғам

Президент Сағынтаевқа қаланы дамыту бойынша тапсырма берді

© Photo : Сайт АкордыПрезиденттің Алматыға жұмыс сапары
Президенттің Алматыға жұмыс сапары - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2021
Жазылу
Президент әр ауданда тұрғындардың демалысы мен еркін жүріп-тұруына қолайлы заманауи алаңқайлар салуға көңіл бөлуді тапсырды

АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келді, деп хабарлады Ақорда.

Президенттің Алматыдағы жұмыс сапары қаланы абаттандыруға бағытталған жобалармен танысудан басталды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысына қаланың полиорталық моделін қалыптастыруды көздейтін "Жаңа Алматы" бағдарламасы туралы баяндады. Бұл жоба қала тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасап, олардың еркін демалуына жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған.

Мемлекет басшысы әкімнің есебін тыңдағаннан кейін барлық жоба қалада қауіпсіз орта қалыптастырып, шаһардағы өсімдіктер қорын сақтап қалуға бағытталуы қажет екенін атап өтті.

"Президент құрылып жатқан жаңа саябақтар жергілікті тұрғындардың демалысына ыңғайлы болуы керек деп есептейді", - делінген ақпаратта.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалада жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді. Қала басшысына әр ауданда тұрғындардың демалысы мен еркін жүріп-тұруына қолайлы заманауи алаңқайлар салуға көңіл бөлуді тапсырды.

Айта кетері, 22 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына барды. Сапар барысында өңір басшылығына эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы кімдердің жалақысы 30%-ке өсетінін айтты

 

Жаңалықтар
0