АСТАНА, 7 қараша — Sputnik. Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранттар саны 330 мыңға жеткен. Визасыз режим енгізілген соң бұл тізімге қазақстандықтар да кіре бастады. Мысалы, 4 жыл бұрын Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар саны небәрі 350 адам болса, биыл тек тоғыз айда қазақстандық мигранттар саны 12 мыңға жеткен. Олар түрлі тағдырмен Қазақстанды Кореяға алмастырған отандастарымыз, деп жазады kaztrk.kz.
Заңсыз жүрген 12 мың қазақстандықтың 50 пайызы 20-29-жаста. Қалған 36 пайызы 30 бен 39 жастағы қазақстандықтар. Олардың көбі Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстарының және Шымкент пен Алматы қаласының тумалары. Әрқайсысында кем дегенде уақытылы төленбеген бір немесе бірнеше несиесі бар. Орта білімді. Тіл білмейді. Қара жұмысшы. Еңбек келісімшарты мен медсақтандыру мүлдем жоқ. Корей шекарасынан өту үшін түрлі қулыққа барған.
Шекара асқан қандастарымыздың бір тобы Сеул маңындағы құрылыстардың бірінде істейді екен. Кореяда заңсыз жүргеніне бір жылға жуықтаған. Барлығы Түркістан облысының тумалары. Мақсаттары ақша тауып, несиелерін жабу, елден жер алып, кішкентай болса да, үй салу. "Қазақстандықтар мұнда өте көп", — дейді. Олармен әлеуметтік желілер арқылы чат құрып, байланысып отырады.
"Басымда екі кредит бар. Сол екі кредитімді жауып, баспаналы болсам деген арманым бар. Мен мұнда досым арқылы келдім. Келмек ойда жүрген жігіттерге тәуекел етпеген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, мұнда келетін адам жоқ дегенде алты айдан бір жылға келсе ғана пайда табады. Келе салып, ақшаны күреп табамын деген ой болмасын", — дейді Ержан есімді отандасымыз.
Ержан әңгіме арасында "жігітпіз ғой, қиындыққа шыдармыз. Жаман жолға түсіп жатқан өзіміздің қыздар да бар" дегенді де айтып қалды. Жасыл дәліз режимі біткенше елге қайтпақ ойы бар.
"Қазір жасаған қадамым дұрыс па, бұрыс па деп ойланып жатырмын. Жасыл дәліздің бітуіне дейін ақша жинап, қайтуға тырысамын", — дейді ол.
Қазақстандық мигранттардың көпшілігі жұмыс орындарын көрсеткісі келмеді. Шымкенттік сыныптас екі жігіт те бәрін тастап, арман қуып келген. Біреуі жоғарғы білімді. Әскери шені де бар. Құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Алайда, арманы сағымға айналған. Жұмыс істеп жалақысын ала алмаған. Оны талап ететін келісімшарты жоқ, заң қуайын десе, тіл білмейді. Қазір шекарашылардан қашып, басқа қаладағы металл қабылдау бекетіне жұмысқа тұрыпты. Ауыр жұмыстан қажығандары көрініп-ақ тұр. Кореяға келу үшін де біраз шығынданған. Барып-қайту билеті мен қосымша ақша ала келген. Сол шығынды жапса, қайтпақ ойлары бар.
Корея билігінің көші-қон тәртібін күшейтуіне шетелден келгендер арасында қылмыстың көбеюі түрткі болған. Мысалы, қазақстандықтар қатарында да корей түрмелерінде отырғандар бар. Оның ішінде кісі өлтіру мен қыз зорлау фактілері де жоқ емес. Сондай-ақ, тіл білмейтін, заңсыз жүрген, қалтасында аз-кем ақшасы бар мигранттары алдап соғатын жеңіл жүрісті қыздар көбейген.
"2018 жылы 9 қылмыстық іс-әрекет тіркелген. 3 азаматқа қатысты іс қозғалуда. 4 азамат бойынша сот процесі өтті. Адамның өміріне қастандық жасағандар бар. Біздің азаматтардың да қыз зорлау фактілері кездесті", — дейді ҚР Корей Республикасындағы Елшілігінің консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ғабиден Темірбеков.
Ең сорақысы, кейінгі кезде қыздар арасында виза алу үшін жасанды неке рәсімдеу белең алған. Себебі, қазақстандық немесе өзбекстандық кәрістермен некеге тұрғандарға 5 жылдық жұмыс визасы беріледі. Қазақстан елшілігі қазақстандықтарға заңсыз миграцияның құқықтық жауапкершілігі қатаң екенін ескертумен келеді.
Тек биыл 5000-нан астам қазақстандық шекарашылардың сұрақтарына жауап бере алмай, әуежайдан кері қайтқан. 700-ден астам адам елден күшпен депортацияланыпты. Бұған Кореяда қашып-пысып жүрген 12 мың қазақстандықты қосыңыз. Жағдай жаға ұстатарлық деуге негіз бар. Себебі, бұл салада бизнес бой көтере бастаған. "Кореяда жұмыс бар, ақшаның астында қаласың, шекарашыларды алдаудың алты әдісін айтамыз" дейтін "делдалдар" толып жүр.
"Көк ақшаға көмілесіз, жұмыс пен жататын жер бізден" деген хабарламалар да интернетте қаптап кеткен. Оларға жазылған пікірлерді қарап, барғысы келетіндер аз емес екенін оңай байқауға болады. Ортадағы мұндай "пысықайларға" тұсау салып, еңбек миграциясын реттейтін кім бар екен?!