АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 19 мың қазақстандық ресми түрде тіркелген, ал 12 мыңға жуығы заңсыз жүр. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Смадияров қазақстандықтардың дені екі ел арасындағы визасыз режимді пайдаланып, Оңтүстік Кореяда жұмыс іздеп қалып жатқанын атап өтті.
"Қазақстан азаматтарының визасы бар, виза мерзімі бітіп қалды деп айтуға болмайды. Олар Корея аумағында жұмыс іздеп, қалып қойып жатыр. 39 мың қазақстандық Кореяға кетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол сол елге барып-қайтып келген азаматтардың жалпы саны. Біздің консулдықтың ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда 19 мың қазақстандық Кореяда ресми түрде тіркелген. 12 мыңға жуығы заңсыз жүр", — деді ол СІМ-де өткен апта сайынғы брифингте.
Айтуынша, Корея үкіметі 1 қазаннан келесі жылдың 31 наурызына дейін "жасыл дәліз" акциясын өткізеді. Акция аясында ел аумағында заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар, егер өз еркімен еліне қайтамын десе, ешқандай айыппұлсыз, депортациясыз еліне қайтарылады.
"Ал егер оны қолданбай, Корея полициясының қолына түссе, онда 6,5 миллион теңге айыппұл салынып, он жылға Кореяға кіруге тыйым салынады", — деді Смадияров.