Қоғам

Үкімет енді тек қазақша сөйлей ме?

© Sputnik / Болат ШайхиновҚазақстан үкіметінің ғимараты
Қазақстан үкіметінің ғимараты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елбасы парламент пен үкіметтің жұмысы қазақ тілінде жүргізілуі керек екенін айтқан еді

АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Үкімет бүгін тағы таңғалдырды. Мінберге шыққан министрлердің бәрі баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады. Бейнебайланыс арқылы өңірлерден қосылған әкімдер де қазақша отырыстың көркін бұзбады. Тіпті, үкіметке емес, тікелей президентке бағынатын ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі де мемлекеттік тілде  сөйлеуді өз парызы санаған тәрізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет отырысы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Саясат
Ақмола облысының әкімі үкімет отырысының "шырқын бұзды"
Президенттің тапсырмасынан кейін үкімет мүшелері бүгін де бір-бірімен қазақша сөйлесті. Отырыс басында, ең алдымен, премьер-министр кешегі Елбасының бес әлеуметтік бастамасына байланысты міндеттерді айқындады. Әдетте, мұндай тапсырманы Бақытжан Сағынтаевтың басын қазақша бастап, әрі қарай орыс тілінде жалғастыратыны есімізде. Бірақ бүгін толық мемлекеттік тілде айтып шықты. 

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе – "Нұрлы жол" бағдарламасының жүзеге асырылуы. Мінберге шыққан ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады. Өткенде отырыстың "шырқын бұзған" Ақмола обысының әкімі секілді елдің сөзіне қалмайық десе керек, облыс басшылары мен Алматы әкімі де таза қазақша сөйледі. 

Осы жолы ұлттық қауіпсіздік комитеті де таңғалдырды. Әдетте, бұл органның басшылары баяндамасын тек орысша жасайды. Комитет төрағасының орынбасары Білісбеков мырза қазақшаға шорқақ болса да, тілін сындырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы алдағы бес жылда не жасалатынын айтып берді. Осылай президентке тікелей бағынатын қауіпсіздік комитетінің өкілі қазақша отырыстың көркін бұзған жоқ. 

Дәурен Абаев - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Абаев: министрлер мен депутаттардың барлығы қазақ тілін жақсы біледі
Отырыста тек ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов қана қысқаша орыс тілінде сөйледі. Сірә, үкімет мүшесі болмағасын, қазақша сөйлеу туралы тапсырманың маған қатысы жоқ десе керек. Мүмкін, екі сөздің басын әрең қосып, қиналғысы келмеген де болар.

Сонымен, үкіметтің осымен екінші отырысы толық дерлік мемлекеттік тілде өтіп отыр. Бұған дейін тек орыс тілінде болды деуден аулақпыз. Үкімет басшысы да, министрлер мен әкімдер де қазақша сөйлейді. Десек те, отырыстар екі тілде қатар өтетін, көбінесе орысшасы басым болатын. Соған қарағанда біздің шенеуніктер Елбасының бір ауыз тапсырмасына мұқтаж болған секілді.

Енді үкіметтің бұл игі бастамасы бір-екі отырыспен шектеліп қалмайды деген үміттеміз. Мәсімовтың кезінде осындай жайттың болғаны естеріңізде шығар. 


Жаңалықтар
0