АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Үкімет пен парламенттің отырыстары таза қазақ тілінде өтіп-өтпеуі шенеуніктің мемлекеттік тілді қалай меңгергендігіне байланысты. Бұл туралы бүгін ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде үкімет пен парламент қазақ тілінде жұмыс жүргізуге көшуге дайын. Іс қағаздарының дені қазақ тілінде жүріп жатыр.
Журналистер министрден қазақ тілінде өтіп келе жатқан отырыста орысша сөйлеп, отырыстың "шырқын бұзған" Ақмола облысының әкіміне қатысты пікірін сұрады.
"Ол тәртіпті бұзды деп есептемеймін", — деп қысқа қайырды Абаев.
"Оның қандай трагедиясы бар? Сіздер екі тілде де жақсы түсінесіздер ғой. Бір слайд орысша болғандықтан, әлем өзгеріп кетпейді ғой. Өзгерген жоқ. Елбасы тіл мәселесінде ешкімді кемітпеуіміз керек екенін әрқашан айтады", — деді ол.