НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Алматы облысында көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шықты. Құтқарушылар алты адамды құтқарып, 43 адамды эвакуациялады.
View this post on Instagram
Өңірдің ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, төтенше жағдай 4 қазан кешкі бестер шамасында болды. Талдықорған қаласында Самал шағын ауданындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққан.
"Жоғары дәрежелі шақырту бойынша Талдықорғанның өрт сөндірушілері дереу оқиға орнына жіберілді. Құтқарушылар шақыру орнына белгіленген нормативтік уақытта келіп жетті. Олар өртті сөндірумен қатар адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды", - делінген хабарламада.
ТЖД мәліметінше, өрттен 6 адам құтқарылды, оның ішінде үшеуі – бала. Сондай-ақ 43 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды, ал 52 адам тұрғын үйден өз бетінше шыққан.
Өрт ғимарат төбесіне және көрші пәтерлерге таралған жоқ. Тілсіз жау 17:19-да ауыздықталып, 17:33-те сөндірілді. Жалын 21 шаршы метр алаңды шарпыған. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 33 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ полиция, жедел жәрдем және апатты-газ қызметінің қызметкерлері жұмыс істеді.
Болжам бойынша өртке сөндірілмеген темекі себеп болған.
Алматы облысының ТЖ департаменті азаматтарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.
Оқи отырыңыз: