НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық шаруаларды жем-шөп тапшылығына байланысты қиын қыс күтіп тұр. Онсыз да жетпей жатқан пішеннің өртенуі жағдайды ушықтырып отыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Шығыс Қазақстан облысында қазірдің өзінде 2 мың тонна шөп өртеніп кетті. Өрт сөндірушілерге пішендегі өрт туралы хабарлама күн сайын түседі. Алайда оқиға орнына жеткенде, әп-сәтте жанып таусылатын маяны сөндіру мүмкін емес.
"Қазірдің өзінде шамамен осындай 48 өрт оқиғасы тіркелді. Негізінен мұндай оқыс жағдайға отты қолдану кезіндегі абайсыздық себепші болып отыр. Сонымен қатар қасақана от қою күдігі де бар", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Титов.
Өңірде жеп-шөп бағасы екі есеге жуық қымбаттап кетті.
"Өткен жылы пішеннің бір тоннасын 25 мың теңгеге сатып алсақ, биыл жақсы шөпті 50 мыңға алуға тура келіп отыр. Қолымда бес ірі қара мал мен бұзаулар бар. Қыстап шығу үшін 10 тонна, бұзауларға тағы екі-үш тонна жем-шөп керек. Сонда оны сатып алуға 500-600 мың теңге қажет болып отыр", - дейді шаруа Нұрлан Әбдірахманов.
Ауыл тұрғындары шөп бағасын қымбаттату үшін маяларды әдейі өртеген болуы мүмкін екенін айтуда.
Қазақстанда жаздың құрғақ болуына байланысты бірқатар өңірде жем-шөп мәселесінде қиындықтар туындады.
Қазақстанның батысы және оңтүстігінде ресми мәлімет бойынша мыңнан аса мал қырылып қалды. Ал шаруалар бұл көрсеткіш бүгінде бес мыңнан асып жығылғанын айтып отыр.
- Маңғыстау билігі неге мал қырылуының алдын алмады
- Үш миллионнан астам малдан айырылайық деп отырмыз – Садырбаев
- Шымкентте бір қора қой өртеніп кетті
- ҚТЖ Маңғыстауға шөп жіберіп жатқан еріктілерден ақша сұрап отыр