Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда бүгінгі Қарағанды облысының Ортау мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, "Сәкен" деп атап кеткен. Руы – Арғын, Қуандықтан тарайды. Сәкеннен кейін екі ұл – Мәлік пен Әбен, одан кейін үш қыз – Рахима, Сәлима мен Қалима дүниеге келген. Бірақ қыздың үшеуі де 11-13 жасында көз жұмды. Әбен де жас кетті.
Сәкен ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мектебінде білім алды. Оқуды үздік бітіріп, Ақмолада приходская мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, ары қарай Омбы педагогикалық семинариясына аттанады.
Омбыда оқып жүргенде "Айқап" журналына алғашқы мақаласы жарияланды. Содан бастап жас Сәкен патшалық "охранканың" назарына ілігеді. Дегенмен, өзінің белсенді жұмысын жалғастыра берді. 1914 жылы қазақ жастарының "Бірлік" атты мәдени және білім беру қоғамын құруға атсалысты.
Оқуды бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин елге келіп, шамалы уақыт мұғалім болып істеді. Ал 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түседі. Ақын халық жағына шығып, патшаны тақтан тайдыратын ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Сөйтіп, дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шеше кіріседі.
Сәкен Сейфуллиннің көрген қиындықтары, Колчак түрмесінде отырғаны – бәрі-бәрі оның большевиктер арасындағы беделін көтерді. Содан Ресейдің адамдары оны Қазақстанның басшылығына ұсынады. Ал 1922 жылы ол Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бұл Қазақстанның премьер-министрімен пара-пар қызмет болды. Осылайша, 28 жасында үкіметті басқарған Сәкен Сейфуллин қазақ еліне қызмет етеді.
1937 жылы 24 қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалады. Ал екі жылдан кейін оны НКВД-ның қабырғасы алдында атады.