Қоғам

2019 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

CC0 / Miroslavik / Күнтізбе
Күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2019 жылы Қазақстанда еліне еңбегі сіңген көптеген мемлекет және қоғам қайраткері мен ақын-жазушы, ғалымдардың мерейтойы аталып өтпек

АСТАНА, 13 желтоқсан — Sputnik. Ит жылы босағамыздан әрі аттап, жаңа 2019 жылдың есік қағуына санаулы күндер ғана қалды. 2018 жылы барша халық Астананың 20 жылдығы мен ұлттық валютаның 25 жылдық мерейтойын, Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Құрманғазының 200 жылдығы, қазақтың әуезді әуенін Парижде әуелеткен Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық мерейтойын атап өтті. Ал 2019 жылы Қазақстанда қандай ерекше даталар аталып өтпек? Оны  материалынан оқыңыз.

2019 жылғы діни күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Инфографика
2019 жылғы діни мерекелер күнтізбесі
Қаңтар

1 қаңтар күні қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, график-суретші және әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл толады. Сондай-ақ, бұл күні Қазақ КСР халық әртісі, ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл болады. Тағы бір қазақ АКСР-інің халық әртісі, актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов туған. Жаңа жылдың алғашқы күнінде актердің 120 жылдық мерейтойы.

10 қаңтарда ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби және мәдени өмірінен жан-жақты хабар тарататын "Қазақ әдебиеті" газетінің алғашқы саны жарық көрді. Әр апта сайын жұма күні шығатын газеттің келер жылы 85 жылдық мерейтойы аталып өтеді. 

13 қаңтарда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының ашылғанына 85 жыл толады. Бұл — Қазақстанда алғаш рет ашылған кәсіби музыкалық театр. Халықтың мәдени деңгейін көтеретін көркем шығармалар қойылымдарын қойып, ұлттық және халықаралық мәдени мұраларды насихаттайды. Театрдың шығармашылық ұжымында атақты сахна шеберлері мен есімдері әлемге әйгілі жас дарында лауреаттар жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз:

15 қаңтарда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ашылғанына 85 жыл толады. 180 сала бойынша мамандар дайындайтын білім ордасы 2012 жылы әлемнің 390-шы үздік университеті болды. Ал Қазақстандағы "Рейтинг.kz" орталығы жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті үздік бестіктің құрамына кірді. Алғаш университет басшысы Олихов Фёдор Трофимұлы болды. Бұл ЖОО-да Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырза Әлі, Дулат Исабеков, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылар білім алған.

Ақпан

4 ақпанда әдебиет зерттеуші ғалым, ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойы. Ол абайтану мәселесіне белсене араласып, бас ақынның өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен шеберлігі тақырыбына тоқталған "Абай және қазақ әдебиеті", "Абай және қазақ совет поэзиясы" сынды мақалалар жазды. Бұдан өзге "Өмір және поэзия", "Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы", "Жылдар, ойлар" т.б. зерттеу еңбектерін жазған.

Құрбан айт мерекесі - Sputnik Қазақстан
Қоғам
2019 жылы Рамазан айы мен Құрбан айт қашан басталатыны белгілі болды
15 ақпан күні қазақтың әйгілі актері әрі режиссері, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов дүниеге келді. 2019 жылы марқұмның 105 жылдық мерейтойы. 1933 жылдан бастап қазақ драма театрының құрамына қабылданып, осы театр сахнасында 20 жылдай еңбек еткен. 1951 жылдан бастап театрдың бас режиссері қызметін атқарды. Ол Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім ("Абай"), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, "Исатай — Махамбет") бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, "Асауға тұсау"), Хлестаков (Гоголь, "Ревизор"), Кривенко (Чирсков, "Жеңімпаздар"), Гельпак (Ф. Вольф, "Профессор Мамлок") бейнелерін сомдады. Бұдан өзге әртүрлі жылдары "Біздің сүйікті дәрігер", "Атамекен", "Алдар көсе" және "Атаманның ақыры" фильмдерін түсірді.

26 ақпан күні ядролық жарылысқа қарсы халықаралық "Невада-Семей" қозғалысы, қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына 30 жыл толады. Халық барынша қолдаған бұл қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті толықтай жоюды өзіне мақсат тұтты. Ұйымның бөлімшелері Қазақстан қалаларында ғана емес, Ресей, АҚШ, Италия, Жапония және Түркия елдерінде құрылған. Осы қозғалыс арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы "Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру" қарарын қабылдады.

Тағы оқыңыз:

Сәуір

1 сәуір күні еңбек жолын шопандықтан бастаған танымал жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғарин 80 жасқа толады. Жазушының "Алтын тамыр", "Көмбе", "Қазақтың қилы тарихы", "Қазақтар" роман-эссе, "Қазақ қазақ болғанға дейін", "Қазақ қазақ болғаннан кейін" деген ІІ томдық романдары жарық көрген. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасында жүріп "Сиуңну", "Дуңху. Гаучы", "100 құжат", "Таным тар-мақтары", "Анықтамалық" атты кітаптарын жазды. 1996 жылы "Қазақтар" атты трилогиясы үшін ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақтар - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Елбасы: той десе, ішкен асын жерге қоюға дайын халықпыз ғой
12 сәуірде минерология ғылымдарының докторы, геолог ғалым, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы. Ол — қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстан мен кеңес одағының металлогения мектебінің негізін қалаушы. Ғұлама геологиядан өзге, мәдениет және тарих саласында із қалдырған. Шоқан Уәлиханов жазып алған "Едіге" жырын мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, оны қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайта дайындаған. Сондай-ақ, ол Ұлытау өңіріндегі басты тарихи, археологиялық ескерткіштерді зерттеп, Жезқазған, Ұлытау өңірлерінен көптеген этнографиялық мұра жинады.

Тағы оқыңыз:

Мамыр

11 мамырда ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы, өнертанушы және шығыстанушы Әлкей Марғұланның 115 жылдық мерейтойы. Ол филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері болды. Ғалымның редакциясымен Шоқан Уәлиханов шығармаларының бес томдық толық академиялық жинағы жарық көрген болатын. Сондай-ақ, ғалымның фольклор саласындағы зерттеулерінің маңызы зор.

12 мамырда Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың 140 жылдық мерейтойы. Оның "Қазақ" газетінде "Соғысушы патшалар әскері", "Сүңгуір қайық", "Темір жол һәм Еуропа соғысы", "Соғыс кемелері һәм мина", "Барлыбек Сыртанов", "Сәдуақас Шалымбеков" сынды мақалалары жарық көрген-ді. Мұхамеджан Тынышбаев 1916-17 жылдары саясат сахнасында белсенділік танытып, 1916 жылы "Қазақ" тобында болады. Қытайға кетуге мәжбүр болған қандастарын елге қайтару үшін көптеген жұмыс атқарды.

қағаз бен қалам - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Қазақстанда жас ақын-жазушылар кеңесі жұмысын бастады
14 мамырда ақын, қоғам қайраткері, Үш бәйтеректің бірі Ілияс Жансүгіровтің дүниеге келгеніне 125 жыл толады. Ол 1912 жылдан бастап өлең жаза бастайды. Шығармаларының дені қазақ халқының ауыз әдебиетіне, орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілеріне, Абай поэзиясына арналған. 1917 жылы Семей қаласында шығып тұрған "Сарыарқа" газетінде "Сарыарқаға", "Тілек" сынды" өлеңдері алғаш рет жарық көрді. 1923 жылы "Мерген Бөкен" атты әңгімесі қалың оқырманға жол тартты.

15 мамыр күні ақын Сағи Жиенбаевтың дүниеге келгеніне 85 жыл толады. Ақын өз өлеңдерінде жан сарайын айқара ашып, елдік пен ерлікті, ізгілікті жырлайтынымен ерекшеленді. Сондай-ақ, ол "Махамбет" және "Еңлік Кебек" опера либреттоларының авторы. Кей жинақтары шет тіліне аударылған. Өзі де Александр Пушкин, Расул Ғамзатов, Михаил Лермонтовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

23 мамырда қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы және археолог Кемел Ақышев дүниеге келді. 2019 жылы ғалым көзі тірі болса, 95 жасқа толатын еді. Ол әскери училищені аяқтаған соң майданға аттанған. 1950 жылдың екінші жартысында Кемел Ақышев қазба жұмыстары кезінде Бесшатыр қорымын табады. Сондай-ақ, ол көне және орта ғасырларға жататын Есік обасынан табылған "Алтын адамды" және Отырар жәдігерлерін ашып зерттеді. Орталық Азия өркениетінде туған елінің орнын айқындауға үлес қосты.

Маусым

Осыдан 85 жыл бұрын 12-20 маусым аралығында Қазақстан кеңес жазушыларының І съезі өтті. Қазақстан жазушылар ұйымы бұл алғашқы съезге 1932 жылдан бастап дайындалды. 1935 жылы СССР әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан жазушылар одағын мемлекет қаржыландарды. Бүгінде бұл — Қазақстан Республикасының әдебиетші қауымын біріктіретін республикалық қоғамдық бірлестік формасындағы шығармашылық ұйым. Құрамында балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, көркем аударма, проза-поэзия, очерк-сатира, неміс және корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз:

22 маусымда сазгер, қазақтың әйгілі ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев дүниеге келген. 2019 жылы ақынның 135 жылдық мерейтойы. Ол "Ленин", "Еңбек қызыл ту" және екі мәрте "Құрмет белгісімен" марапатталған. Ақынның "Ой, бұлбұл", "Он алтыншы жыл", "Бозторғай", "Көкшолақ" сынды әндері бітім құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан ерекшеленеді. Бүгінде Кенен Әзірбаевтың есімі Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар станциясындағы №42 орта мектепке, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотетарға берілген. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының және бұрынғы Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы стипендия тағайындалған.

Осыдан 85 жыл бұрын 25 маусымда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Оны бірінші болып Ахмет Жұбанов, кейін қырық жылға жуық уақыт КСРО халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы мен "Парасат" орденінің иегері, профессор Шамғон Қажығалиев басқарды.

Құралай Бақытқызы, қазақстандық нумеролог - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Нумеролог жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін қандай болатынын болжады
Шілде

9 шілде күні қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, жазушы, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 130 жыл толады. Ол қазақ әдебиетіне шығармалары арқылы пейзаждың үздік үлгілерін, лиризм мен психологизмнің терең иірімдерін әкелген жазушы. Жазушының қаламынан туған мол мұраны Мұхтар Әуезов атындағы институт ғалымдары жинастырып, 1996-1999 жылдары бес том етіп басып шығарды. "Қартқожа", "Ақбілек" романдарынан бөлек, "Тәрбиеге жетекші", "Психология", "Жан жүйесі және өнер таңдау" сынды ірі ғылыми еңбектері бар.

Тамыз

29 тамызда Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ өткізілгеніне 70 жыл толады. 1949 жылы осы күні таңғы сағат 7-де көз ілеспес жылдамдықпен отты доп Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілді. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимоға тасталған бомбадан 2,5 мың есе көп. Барлығы 456 сынақ өткізілді. Осылардың ішінде 116-сы жер бетінде жарылды.

Тағы оқыңыз:

Қазан

15 қазанда қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың дүниеге келгеніне 95 жыл толады. Жазушы 1949 жылы Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, Нарынқол ауданында мұғалім болып жұмыс істеген. Сондай-ақ, "Жұлдыз", "Балдырған" журналдарында қызмет атқарған. Қалың оқырман оның "Менің атым Қожа" атты повесін сүйіп оқиды. Аталған туынды француз, литва, латыш, өзбек, орыс, украин тілдеріне аударылған. 1963 жылы "Қазақфильм" кітап желісі бойынша кино түсірді. Бұл фильм Францияның Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды.

15 қазанда қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің дүниеге келгеніне 125 жыл толады. Сондай-ақ, ол — Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. 1920-1925 жылдары Қырғыз АКСР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Алғаш рет 1914 жылы өзінің "Өткен күндер" атты жыр жинағын шығарды. Бүгінде Сәкен Сейфуллин есімімен Қарағанды облысында Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл, Қарағанды драма театры және Алматы, Астана, Омбы қалаларында көшелер аталған. Сондай-ақ, Астана қаласында Сәкен Сейфуллин есімі қазақ агротехникалық университетке берілді.

Доңыз жылы: 2019 жылға жасалған болжам - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Доңыз жылы: 2019 жылға жасалған болжам
19 қазанда халық қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев дүниеге келді. Келер жылы қазақ батырының 95 жылдық мерейтойы. Лейтенант Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетіп, 1945 жылы 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатов екеуі кеңес әскерлері арасында Рейхстагқа бірінші болып жетті.

22 қазан күні Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толады. Ол 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Луганск түбінде миномет ротасында саяси қызметкер, Оңтүстік және Балтық майданындағы шайқасқан. Қалың оқырман арасында жазушының "Қан мен тер" романы сұранысқа ие.

Қараша

1939 жылы 3 қарашада Қазақстан композиторлар одағы құрылды. Оның негізгі мақсаты — ұлттық, классикалық музыка өнерінің озық дәстүрлерін насихаттап, одақ мүшелерінің идеялық, кәсіби деңгейін көтеру болды. Бастапқыда ұйымдастыру комитеті ретінде құрылып, 1957 жылдан бастап Қазақстан композиторлар одағы деп аталды. Бірінші съезі 1948 жылы өтті. Алғашқы төрағалары Евгений Брусиловский мен Мұқан Төлебаев болды.

15 қарашада қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне 125 жыл толады. Жазушы көркем шығармалардан өзге сауатсыздықты толық жою мақсатында "Күш", "Сауаттылығы төмендерге арналған оқу" кітабын, "Жаңаша оқы және жаз" құралын жазып шығады.

Тағы оқыңыз:

6 қарашада Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты болған Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толады. Жазушының алғаш "Алтын шуақ" және "Бір шөкім бұлт" атты өлең жинақтары жарық көрген болатын. Әбіш Кекілбаевтың кең тынысты суреткер болғанын "Дала балладалары" атты әңгімелер жинағынан көруге болады. Бұдан өзге "Дәуірмен бетпе-бет" атты мақалалар жинағы жарық көрген. Жазушы "Үркер", "Елең-алаң" романдары үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алған.

Желтоқсан

16 желтоқсанда қазақ әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың дүние есігін ашқанына 90 жыл толады. Әнші қазақтың халық репертуарындағы "Гауһар тас", "Жиырма бес" әндерін асқан шеберлікпен орындайды. Бибігүл Төлегенова концерттік-орындаушылық шеберлігін шыңдап, оны классикалық дәрежеге жеткізген. "Қазақтың бұлбұлы" атанған әнші қазақтың опера өнеріне елеулі үлес қосып, Жібек, Гүлбаршын, Еңлік, Джильда, Виолетта және т. б. партияларды орындады.

гүл шоқтары - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев дүниеден озды
1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап "Егемен Қазақстан" газетінің бірінші саны жарық көрді. Алғашында Орынбор қаласында шығып, "Ұшқын" газеті деп аталған болатын. Одан кейін атауы бірнеше рет өзгерді. 1920 жылы — "Еңбек туы", 1921 жылы "Еңбекші қазақ", 1922 жылы "Еңбекшіл қазақ", 1932 жылы "Социалды Қазақстан" деген атпен шықты. 1991 жылдың маусым айында басылымның атауы "Егемен Қазақстан" болып өзгертілді. Осы уақытта бас редакторы жазушы, публицист Шерхан Мұртаза болды.

25 желтоқсанда халық жазушысы, қазақ ақыны, журналист, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты Фариза Оңғарсынованың дүниеге келгеніне 80 жыл толады. Алғашқы туындылары республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы жарық көрді. Қазақтың ақын қызы "Үйім менің — Отаным", "Маңғыстау монологтары", "Революция және мен" өлең топтамаларының, "Алмас қылыш", "Тартады бозбаланы магнитім", "Сайраған Жетісудың бұлбұлымын", "Тыңдаңдар, тірі адамдар", "Қарғыс" және "Қасірет пен ерлік жыры" поэмалардың авторы.

Жаңалықтар
0