АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Шымкенттегі Kaspi Bank бөлімшесін тонауға бір адам қатысқан. Ол қомақты қаржыны қолды қылды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы полиция қызметі.
Мекеме тарапынан берілген мәліметке сәйкес, банктің "дабыл тетігі" жұма күні сағат 19.40 кезінде іске қосылады. Полицейлер оқиға орнына келіп жеткенде, қылмыскер ізін суытып үлгереді.
Банк қызметкерлерінің айтуынша, бетінде бетпердесі бар белгісіз біреу ғимаратқа басып келіп, жарылғышқа ұқсас затты еденге тастайды. Зат түтіндей бастаған кезде, ол қолындағы балтамен қорқытып, ақша беруді талап етеді.
Болған жағдайға байланысты ҚР ҚК 192-бабының 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдікті адамды ұстауға қатысты барлық шараларды жүзеге асырып жатыр.