НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр — Sputnik. Еуроодақ елдері үшін уақытша енгізілген кедендік баж салығының алынып тасталуына қарамастан Қазақстанда да қант қымбаттауы мүмкін. Бұл тауардың басым бөлігі Қазақстанға Ресейден жеткізіледі. Бірақ көрші елде қант қызылшасы нашар өнім беруіне байланысты қант тапшылығы туындауы мүмкін деген қауіп бар.
Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігі қант тапшылығының ықтималдылығын жоққа шығарып отыр, жергілікті БАҚ-та тәтті өнімнің тапшылығы туралы ақпарат тарап, бұл бағаның шарықтауына алып келетіні айтылды.
Олай болған жағдайда Ресей ең алдымен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырады. Сонда дәстүрлі түрде көрші мемлекеттен импортталатын қант көлемі Қазақстанға бұйырмай қала ма?
Қант тәуелділігі
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, қант тапшылығы 240 мың тоннаны құрайды. Жыл сайын Қазақстан 450-500 мың тонна қант тұтынып отыр.
Ресми статистикаға сәйкес, ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесі 50%-тен асады. Іс жүзінде бұл көлемнің аз ғана бөлігін отандық өнім деп атауға болады. Өйткені елдегі қант негізінен импорттық шикізаттан (қамыс) өндіріледі.
Алматыда қант бағасы тұрақтады
Қазақстанның қант, тағам және қайта өңдеуші өнеркәсіп қауымдастығының мәліметі бойынша, 2020 жылы елімізде өндірілген қант көлемі тұтынудың жалпы көлемінің 27%-ін ғана құрады.
Қазақстанда жұмыс істейтін төрт қант зауыты бар: Таразда (қамысты қайта өңдейді), Меркіде (қамыс және қант қызылшасы), Көксуда (қамыс және қант қызылшасы) және "АқсуҚант" (қант қызылшасы). 2022 жылдан бастап "АқсуҚант" қамысты қайта өңдеуді бастауды жоспарлап отыр.
Дайын қант негізінен Ресей мен Беларусьтен жеткізіледі. 2021 жылдың 15 мамыры мен 30 қыркүйегі аралығында ЕАЭО елдеріне қантты баж салығынсыз әкелуге рұқсат етілген. Қазақстанда 134,4 мың тоннаға арналған квота бар.
2021 жылы Қазақстандағы қант бағасы
Ресейде 1 маусымда елдегі қант бағасын бекіту туралы келісімнің әрекет ету мерзімі аяқталады. "КоммерсантЪ" жазғандай, 2022 жылы бизнес қант бағасын шарықтатуға дайын отыр. Ал елдегі ауыл шаруашылығы министрлігі жағдай тұрақты деп сендірді. Қант өндірушілер де бұл тауар бағасы қымбаттамайды дегенді айтуда, деп жазды РИА Новости.
Қазақстанда құмшекер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізіміне енген.
11 мамырдағы жағдай бойынша өңірлердегі қанттың бөлшек саудасындағы орташа баға бөлінісі мынандай: Нұр-Сұлтанда - 299 теңге (бұдан әрі де бір килограмм тауар үшін), Алматыда - 256 теңге, Шымкентте - 280 теңге.
Қант – биржалық тауар. Қала болғанда да биржадағы баға нарыққа әсер етеді, деді Sputnik Қазақстан агенттігіне Қазақстанның қант, тағам және қайта өңдеуші өнеркәсіп қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.
Наурызғалиева 2019 жылы Ресей нарығында қант шамадан тыс көп болғанын еске салды. Бұл өнім Қазақстанға өте төмен бағада жеткізілді және жергілікті зауыттар қантты өз бағасынан төмен бағада сатты.
Ол ұсынған мәліметке сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан шамамен 415 мың тұрмыстық ақ қант импорттаған. Өнімнің негізгі көлемі Ресейден және тағы біршама көлемі Беларусьтен жеткізілген.
Наурызғалиеваның айтуынша, қамысты қант шикізатын біздің компаниялар Бразилия, Кубадан, кейде Малайзиядан әкеледі.
"Баға бойынша болжам жасау қиын. Себебі ол биржаға байланысты болады. Тіпті қамыс арзандаған күннің өзінде тасымалдау, қайта өңдеуге қатысты қосымша шығын бар. Сондықтан бір килограмм қант бағасы, мысалы, 280 теңге деңгейінде болады деп кесіп айта алмаймыз. Бізде электр қуаты, газ, қайта өңдеу кезінде мазут бағасы қымбаттады. "Ақсу Қант" кәсіпорны мазутпен жұмыс істейді. Мұның барлығы тауар бағасына әсер етеді", - деді Наурызғалиева.
Оның айтуынша, Ресейдегі қанттың арзан болуының бірнеше себебі бар.
"Бізбен салыстырғанда оларда егістік алқабы әлдеқайда көп. Бұл салыстыруға келмейтін көрсеткіш. Ресейде 74-ке жуық зауыт болса, Қазақстанда тек төрт қант зауыты бар. Ресейлік зауыттардың көбісінде өз жері бар. Олар қант қызылшасын өсіреді және өздерін шикізатпен қамтамасыз етеді. Ресейде қант саласында жұмыс істейтін көптеген компания интеграцияланған ауылшаруашылық холдингінің мүшесі болып отыр", - деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан Ресей тәжірибесіне назар аударып, бірқатар агротехникалық талап орындалатын болса, бұл оң нәтижеге алып келеді.
"Елде мал шаруашылығы саласы да дамиды. Сондықтан қызылша сапасы жақсы болады. Мысалы, Ресейде қант қызылшасын қайта өңдеу қалдықтарын қолданатын мал шаруашылығы кешендері бар", - деді ол.
Қазақстандағы қант қызылшасының өндірісі
2020 жылы қант қызылшасы егілген аумақ 20,9 мың гектарды құрады. Өткен жылы алынған өнім көлемі 466,3 мың тоннаны құрады.
2021 жылы қант қызылшасының егіс алқабы ұлғайды, бірақ түсім қандай болатынын болжау қиын. Себебі Жамбыл және Алматы облыстарында жаз құрғақ болады деп күтілуде.
"2021 жылдың алғашқы төрт айында шамамен 100 мың тонна қант өндірілді: Таразда 62 мың тоннаға жуық және Көксуда шамамен 38 мың тонна дайындалды", - деді Наурызғалиева.
2020 жылы отандық өндіріс жалпы тұтыну көлемінің 27%-ін құрады.
Азық-түлік қымбаттауда: қазақстандықтарға болашаққа оптимизммен қарауға кеңес берді
Қант қызылшасы әдетте тамыз-қазанда жиналады.
"Жамбыл облысында 5800 гектар жерге дән себілгені туралы хабарлады. Алматы облысында 25 мамырға дейін егу жұмыстары аяқталады және 16 300 гектар жоспарланған егу аумағын жабу көзделуде. Үсік жүруіне байланысты кейбір шаруашылықтарға қайта егуге тура келді. Сарапшылар биыл Жамбыл және Алматы облыстарында өткен жылғыдан да құрғақ жаз болады деп болжап отыр. Сонымен қатар сумен жабдықтауда да проблемалар бар. Бірақ мұның барлығы шешімін табатын мәселе деп сенеміз", - дейді Наурызғалиева.
"Біз Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа облыстарда егін егуге әрекет жасадық. Ақырында бұл тірлік шаруа қожалықтарына шығын келтірді. Алматы мен Жамбыл облыстарындағы аумақтар шектеулі. Түсімнің ең жоғарғы көрсеткішіне 80-жылдары қол жетті. Ол кезде отандық өндіріс 50%-ке жетті. Біз импортты 100% алмастыра алмаймыз. Ресей мен Беларусь бізді үнемі құтқарып келеді", - дейді Шәріпов телефон арқылы берген сұхбатында.
Тапшылықты сылтау етіп бағаны қымбаттатуы мүмкін – кондитерлер қауымдастығы
Импорттық қанттың жетіспеушілігі кондитерлік салаға соққы болып, кондитерлік өнімдер мен алкогольсіз сусындардың бағасын қымбаттатуы мүмкін.
"Расында да, өткен маркетингтік кезеңдегі нашар түсімге байланысты қант бағасы қымбаттауы мүмкін деген ақпарат тарады. Ресейдегі өндірушілер бағаны көтеріп, бұл мәліметті растап отыр", - дейді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек.
Қауымдастық "тапшылықты сылтау етіп, өңірлерде қант бағасын әдейі қымбаттатуы мүмкін" деп санайтынын жеткізді.
"Кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын өндірістер үшін тауардың өзіндік құны қымбаттап, Ресей және Украинадағы тауар өндірушілермен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілік төмендеуі мүмкін", - дейді Талғатбек.
Мамыр-қыркүйек аралығында Қазақстанның сұранысы шамамен 160-170 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 61 мың тоннаны кондитерлік өнімдер мен алкогольсіз сусындар дайындайтын кәсіпорындар пайдаланады.
"Қазақстан үшін қантты кедендік баж салығын төлемей елге алып кіруге берілген жеңілдік нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бағаны алып-сатарлық сипатта қымбаттатудың жолын кеседі деп үміттенеміз. Бөлінген бұл квотаны дұрыс шешім деп санаймыз. Ол 15 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап отырған кәсіпорындар үшін стратегиялық шикізатты жеткізудің альтернативасына жол ашып тұр", - деді Әлихан Талғатбек.
Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті қыркүйекте баж салығын төлемеуді қарастыратын бұл шараның мерзімін ұзарту керек деп санайды.
"Қазақстанға стратегиялық шикізат пен өнімдерді жеткізу ресейлік жеке компаниялардың, атап айтқанда қант өндірушілердің жеткізілімдеріне тәуелді болмауы керек. Оның үстіне қызылша көлемінің төмен көлеміне қатысты алаңдаушылық қазірдің өзінде айтылып отыр. Бұл тапшылыққа қатысты жағдай қайталануы мүмкін дегенді білдіреді. Осы жылдың көктемінде кәсіпорындар жоғарыда айтылғандай қант сатылымындағы шектеулерге тап болды. Қазір елге қант алып кіруге рұқсат берілуінің арқасында баға тұрақтанды. Ең болмағанда қант бағасының өсуі тоқтады", - деді ол.
Қант өндірісі көлеміне қатысты болжам
Қант қызылшасының өнімі мен қант өндірісінің көлеміне қатысты қазір қандай да бір болжам жасау мүмкін емес. Себебі өнімді жинау кезіндегі, қыстағы және қайта өңдеу кезіндегі ауа райы үлкен маңызға ие.
"Біз кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімге қарастырылған баж салығы жоқ импорт туралы шешім қабылдау қажет деп санаймыз. 2020 жылдың күзінде Ресейден қанттың үлкен көлемі үшінші елдердің аумағына экспортталды. Біздің білуімізше, Ауғанстан үлкен көлемдегі қантты жоғары бағамен сатып алды. Сондықтан ресейлік өндірушілер қазақстандық нарықты қанағаттандыруға аса қатты алаңдай қоймасы белгілі", - деп қорытты ол.
Екі жылдан кейін Қазақстан қант импортын бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бірнеше ай бұрын 2023 жылға қарай қантпен өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші 80%-ке дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Ол үшін Алматы облысындағы қант зауытын модернизациялау және Жамбыл облысында қуаттылығы 150 мың тонна жаңа кәсіпорын салу көзделуде.
Sputnik Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне ведомствоның бұл жоспары өзгерген-өзгермегені және қант өндірісіндегі импортпен алмастырудың жағдайы қандай екені туралы сауал жолдады.