НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Қазақстанда Pfizer вакцинасын басқа санаттағы азаматтарға егуге рұқсат етілуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Қазіргі таңда Pfizer вакцинасы балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге егіледі.
"Басқа санаттағы азаматтарға да осы вакцинаны алуға мүмкіндік беру үшін шешім іздеп жатырмыз", - деді Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуде.
Үкімет бұл шешімді осы аптада жариялауды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 10 қарашада Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Келісім аясында Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы сатып алынды.
Бұған дейін Pfizer салдырғысы келетін, бірақ аталған препаратпен вакциналау санатына кірмейтін алматылықтар емханаға барып, өтінім қалдыра алатыны хабарланған еді.