АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Алматыда коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы қаладағы барлық вакцина пунктіне жеткізіледі. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Pfizer вакцинасын қолдану бойынша нақты ақпарат алдық. Қазір бізде 137 вакцина пункті жұмыс істеп тұр, сол жердің барлығында Pfizer вакцинасын салдыруға болады. Бұл вакцинаны бірінші кезеңде салдыра алатын үкімет бекіткен адамдардың үш тобы бар екенін білеміз. Олар: 12-18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және емізулі баласы бар әйелдер. Алматы бойынша қазір вакцинаны мамандарды үйге немесе мектепке шақырып салдыруға болады", - деді Табынбаев.
Айтуынша, қазір қалада емізулі баласы бар 67 мың әйел мен 20,5 мың жүкті әйел бар.
"Бізде осындай ақпарат бар, алайда вакцина адамдардың өз еркі бойынша салынады. Сондай-ақ ата-аналардың рұқсаты болуы керек. Дәл қазір қанша адамның қай вакцина пунктінде вакцина салдыратынын, мамандардың қай мектепке барып вакцина салатынын білмейміз. Бұл ниет білдірген адамдарға байланысты белгілі болады", - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада барлық вакцина пунктінде Pfizer вакцинасын сақтауға арналған жабдықтар бар.
Әзірге Pfizer вакцинасы қалаға жеткізілген жоқ. Бұған дейін Табынбаев Pfizer вакцинасы қалаға 20 қазаннан кейін жеткізіледі деп жоспарланғанғанын айтты.
"Алматыға 130-дан 160 мың дозаға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ Алматы үшін квота бөлу жағы нақтыланып жатыр", - деді ол.
Ал қаланың бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Pfizer жеткізілгеннен кейін 300 мыңнан астам оқушы мен студент вакцина салдыра алатынын айтты.
"Вакцина қазан айының соңында жеткізілетіні айтылды. Pfizer жеткізілген соң 306 мыңға жуық мектеп оқушысы мен студентке вакцина сала аламыз. Бұл бізге вакцинация арқылы иммундық қабат деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, ал ол аурушаңдыққа әсер етеді", - деді Бекшин.