НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Pfizer компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинасы 5-11 жас аралығындағы балалар үшін тиімді екенін мәлімдеді. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жазылған.
Pfizer компаниясы жүргізген клиникалық зерттеуге 5-11 жас аралығындағы 2 268 бала қатысқан. Олардың үштен екісі препараттың екі дозасын алды. Компоненттерді егу арасындағы мерзім - 21 күн. Қалған қатысушылар плацебо алды.
"10 мкг доза салынған қатысушылардың иммундық реакциясы Рfizer-BioNTech-тың 16-25 жас аралығындағы тұрғындарға жасаған зерттеу нәтижесімен ұқсас. Оларға вакцинаның 30 мкг дозасы салынған болатын. COVID-19-ға қарсы вакцина жақсы қабылданды. Жанама әсері 16-25 жас аралығындағы қатысушылармен бірдей", - деп жазады РИА Новости компания мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Компания зерттеу нәтижесін азық-түлік өнімдері сапасын санитарлық бақылау басқармасы (FDA) мен дәрі-дәрмек жөніндегі еуропалық агенттікке (EMA) ұсынады. Олардан екпені балаларға қолдануға рұқсат алу көзделіп отыр.
Жыл соңына дейін 6 айдан асқан балаларға арналған вакцинаны зерттеу қорытындысы жарияланады.
Қазақстанның денсаулық министрлігі балаларға екпе тек ата-ана рұқсатымен салынатынын хабарлаған болатын. Аяғы ауыр әйелдерден де рұқсат алынады. Сондай-ақ, бұл тізімге бала емізетін әйелдерді қосу жоспарланып отыр.