НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда вакцинадан бас тарту проблемасы әлі күнге дейін өте өзекті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, елде вакцинаға бағынатын инфекциялар бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуалды одан әрі қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Ол үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған профилактикалық екпелермен қамту деңгейін ұстап тұруға ден қойылған.
"Дегенмен 2020 жылдың қорытындысы бойынша вакцинамен қамту деңгейіне қол жеткізілген жоқ. Оған былтыр пандемияға байланысты төтенше жағдай режимінің енгізілуі себеп болды. Биыл өңірлер жоспарлы контингентті иммундау, сондай-ақ, былтыр вакцина ала алмаған адамдарға екпе салу жұмысын жүргізіп жатыр", - деді Цой мәжілістегі үкімет сағатында.
Десе де, Цой республикада вакцинадан бас тарту проблемасы әлі де өте өзекті екенін мәлімдеді.
Оның ақпаратынша, 2013 жылдан бастап бүгінге дейін вакциналауға жататын адамдардың 24 976-сы профилактикалық екпеден бас тартқан. Оның 58% – жеке сеніміне, 23,2% – діни наным-сеніміне, 12,8% – вакцинаға сенбейтіндіктен және 6 % – БАҚ-тағы жағымсыз ақпараттарға байланысты.
"Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 3 417 адам вакцина салдырудан бас тартты", - деді Цой.
Айтуынша, министрлік антиваксерлермен үнемі түсіндіру жұмысын жүргізеді. Биыл 197 адам вакцина туралы пікірін өзгертіп, екпе алған.