АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Алматыда бір күнде жарты айда жауатын жауын-шашын түсті, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматыда жауын-шашынның рекордтық мөлшері тіркелді.
"10 мамыр күні сағат 11:00-ден 11 мамыр күні сағат 20:00-ге дейін қала аумағына 50,4 мм жауын-шашын түскен. Бұл мамыр айына белгіленген айлық норманың (99 мм) 51 пайызына тең", - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты коммуналдық қызмет су басудың алдын алу және оларды жедел жою мақсатында күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, Алматы қаласының құтқару қызметі де кезекшілікке кіріскен. Олардың қарамағында ассенизаторлық көлік пен 15 мотопомпа бар. Ал төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника мен 240 қызметкер тартылған.
Жалпы алғанда, қала инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бір тәулік ішінде 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника қатыстырылған. Жедел әрекет ету үшін 2 300 құм толтырылған қап дайындалды.
Синоптиктердің болжауынша, 12 мамыр күні Алматыда кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ал 13 мамырдан бастап жауын-шашын тоқтап, күн ала бұлтты болады.