АСТАНА, 8 мамыр – Sputnik. Қазақстанда бизнесмендерге арналған оңалту орталығы ашылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің талдауына сәйкес, бүгінде қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлерге көмек беру жүйесі жоқ.
"Шыны керек, бізде бизнес жабылғанда немесе бизнесмен қиын жағдайға тап болғанда көмек сұрайтын жері жоқ. Мысалы, сол жерге барып, проблемамды тауып беріңдерші деп көмек сұрайтын. Соған талдау жасап, проблемаң басқаруда немесе бюрократияда деп айтатын мамандар болмай тұр. Осыған байланысты біз "Даму" қоры жанынан оңалту орталығын құруға шешім қабылдадық", - деді Жұманғарин үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, жақын арада орталықтың ашылғаны жайында ақпарат жарияланады.
"Бұл орталық жаңадан құрылған және қамқорлық жасайтын деңгейдегі бизнеске, сосын жолайрықта тұрған кәсіпкерлерге көмектеседі", - деді вице-премьер.