Талдықорғандағы жылу желілерін жөндеуге үкімет резервінен 5,7 млрд теңге бөлінді

© Photo : официальный сайт премьер-министра Республики КазахстанТалдықорған
Талдықорған - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2026
Жазылу
"Басқуат" орталық қазандығы 1980 жылы пайдалануға берілген, оның негізгі жабдықтары 71% тозған
АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Үкімет Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жылумен қамту нысандарын салу жобаларына шамамен 5,7 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Аталған қаражат қаладағы Оңтүстік-Батыс жаңа тұрғын ауданында қазандық пен жылу желілерін тарту жобаларын аяқтауға бағытталады.

"Бүгінде Талдықорған қаласының орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жалпы қуаты 400 Гкал/сағ болатын 10 қазандық жұмыс істейді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 179 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі – 62%. "Басқуат" орталық қазандығы 1980 жылы пайдалануға берілген, оның негізгі жабдықтары 71% тозған", - деп хабарлады үкімет.

Облыс орталығындағы халық саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, "Басқуат" қазандығы қосымша жылу жүктемесін толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Осыған байланысты жүктемені азайту және кезең-кезеңімен экологиялық таза энергия көздеріне көшу мақсатында қалада қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.
"Жоба құны келісімшарт бойынша 11,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 60%-ы орындалды. Нысанды 2026 жылғы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған", - деп жазылған хабарламада.
Жаңа қазандықтың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданына жылу желілерін тарту жобасы қатар жүргізілуде. Аталған жобаны осы жылдың күзінде аяқтау жоспарланған.
Жобаларды уақтылы жүзеге асыру нәтижесінде "Болашақ", "Көктем", "Бірлік" және "Құлагер" шағын аудандарында 2024–2026 жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етіледі. Жалпы абоненттер саны 20 мыңды құрайды, оның ішінде 120 көпқабатты тұрғын үй және 17 әлеуметтік, коммерциялық және өзге де нысандар бар.
Жаңалықтар
0