Тоқаев мақта-мата кластеріне оңтүстік өңірден мамандар даярлау керектігін ескертті

Еліміздің оңтүстік өңірі агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызды
Sputnik
АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы мен Чжан Цихай
Чжан Цихай Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу зауыты қолданысқа берілгенін айтты.
Таяу жылдары синтетикалық мата материалдарын, тоқыма және киім өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр.
"Жобаны жүзеге асыру арқылы мақта егістігін 52 гектарға дейін ұлғайтуға болады. Егін шаруашылығына цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару секілді инновация пайдаланылады", - деп жазылған хабарламада.
Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Мемлекет басшысы кластер еліміздің оңтүстік өңірінде агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызды екенін айтты.
Президенттің пікірінше, жергілікті тұрғындар арасынан білікті маман даярлау ісіне мән беру керек.
"Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал": Тоқаев үкіметке тапсырма берді