Қазақстан Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату туралы келісімді құптайды – Тоқаев

Sputnik
АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің араағайындығы арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілуін құптайды, деп хабарлады президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
"Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды", - деп жазды Смадияров.
Оның айтуынша мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді.
Бұған дейін АҚШ пен Иран атысты екі аптаға тоқтату туралы келісімге келген болатын. Дональд Трамп бұл шешімді Шахбаз Шариф және Асим Мунирмен жүргізілген келіссөздің қорытындысы бойынша қабылдағанын мәлімдеді.
Кейін Иран Трамптың бітім туралы мәлімдемесінен соң АҚШ-ты жеңдік деп жариялады. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінде егер АҚШ бітім кезінде "болмашы қателік" жіберсе, толық жауап берілетіні туралы ескерту жасалды.
Қазақстан Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесуге әзір – Тоқаев