Ақтөбеде самокатты жалға беру арқылы қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды

Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған
Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласында "Harmony Rider Technology" қаржы пирамидасына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Бір топ тұлғаға қаржы пирамидасын құру, оған басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша айып тағылды.
2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған. Салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен қалыптасқан.

"Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған. Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен", - дейді агенттікте.

Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.
Заңсыз әрекеттер салдарынан қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар 3 автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.
"Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот шешімімен 3 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді", - дейді қаржылық мониторинг агентттігінде.
10 млрд теңге залал: қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды