Алматыда жаңа автобус бағыты іске қосылады

Автобустар бұрын қоғамдық көлік жүрмеген Бұқар жырау бульвары бойымен де қатынайды
Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Алматыда 4 сәуірден бастап №130 жаңа қалалық автобус бағыты іске қосылады, деп хабарлады қалалық әкімдік.
Бұл бағыт көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың қатынау жайлылығын жақсартуға бағытталған. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.
"Күн сайын желіге Yutong маркалы 15 автобус шығарылады. Бұл ұзындығы 10 метр болатын заманауи төмен еденді автобустар. Әрқайсысына 80 жолаушыға дейін сыяды, бұл қарбалас уақытта жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Қозғалыс аралығы 9 минут, бұл жолаушыларға ұзақ күтпей, сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
"№130 бағыт Қалқаман шағынауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананы "Көктөбе" соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы 21,5 км. Автобустар күн сайын сағат 05:30-дан 23:00-ге дейін қатынайды", - дейді әкімдікте.
Бағыт бойында автобустар Райымбек батыр, Сейфуллин, Достық даңғылдары, Сәтбаев көшесі және қаланың басқа да маңызды көшелері арқылы өтеді. Сондай-ақ автобустар бұрын қоғамдық көлік жүрмеген Бұқар жырау бульвары бойымен де қатынайды.
Қазақстандағы әрбір бесінші мопед Алматыда тіркелген