Қызылордада бөлім басшысы әкімшілік қамауда жатқанын жасыру үшін жалған құжат жасаған

Жалған құжатты Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны белгілі болды
Sputnik
АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Қызылорда облысында жалған еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланған қызметкер мен дәрігерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады бас прокуратура.
Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін анықтады.
Атап айтқанда, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамаққа алынған.
Алайда, мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған себебін жасыру және жұмыстан қалуын заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.
"Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны белгілі болды. Прокурорлық тексеру материалдары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Соттың үкімімен аудандық аурухана дәрігері жалған құжат дайындағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ал бөлім басшысы көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Дерекқорға жалған мәліметтер енгізген бұрынғы кеден қызметкері Испаниядан экстрадицияланды