Облыс тарихында алғаш рет: Таразда бір жастағы балаға күрделі ота жасалды

Бұл — медициналық пластиналар қолданылған реконструктивті краниотомия
Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан - Sputnik. Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бір жастағы балаға күрделі ота жасалды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Облыс тарихында алғаш рет бас сүйек сүйектерін жалғап тұратын жіктердің мерзімінен бұрын бітуінен туындайтын дерт — синостоздық плагиоцефалияға байланысты күрделі жоғары технологиялық ота сәтті жасалды. Бұл — медициналық пластиналар қолданылған реконструктивті краниотомия.
"Науқас — бір жасар бала. Операция республикалық мамандандырылған орталықтарға жолдамасыз-ақ облыстық балалар ауруханасының базасында жасалды. Бұған дейін мұндай туа біткен күрделі патологияларға хирургиялық көмек еліміздің ірі клиникаларында ғана көрсетілетін", - деп жазылған хабарламада.
Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургы Мирдас Мурадовтың айтуынша, мұндай диагноз кезінде баланың бас пішіні қисайып, мидың қалыпты өсуі мен дамуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан дер кезінде жасалған хирургиялық ем — ең тиімді әрі қажетті тәсіл.
Хирургиялық араласу барысында бас сүйек сүйектері толық қайта қалыпқа келтіріліп, бастың дұрыс пішіні мен көз ұяларының орналасуы заманауи медициналық пластиналардың көмегімен түзетілді.
Алматыда дәрігерлер бірден 24 балаға операция жасады