Қазақстанда құмар ойын ұйымдастырған АҚШ пен Украина азаматтарына іздеу жарияланды

Олар сыбайластарды іріктеп, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекет жүргізген
Sputnik
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Қазақстанда заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған шетелдіктерге іздеу жарияланды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Атап айтқанда 1970 жылдың 27 маусымында туған АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен 1985 жылдың 8 қарашасында туған Украина азаматы Марина Левковичке іздеу жарияланды.
Соттың санкциясымен оларға сырттай "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілер Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған.
"Тергеу барысында "PIN-UP" және "PINCO" брендіндегі онлайн казинолардың қызметін шетелден аффилирленген компаниялар желісі арқылы жұмыс істейтін жеке тұлғалар тобы ұйымдастырғаны анықталды", - дейді агенттікте.
Дружинскы мен Левкович координаторлық функцияларды атқарған. Олар сыбайластарды іріктеп, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекет жүргізген. Сондай-ақ ақша қабылдайтын және шығаратын төлем инфрақұрылымын құрып, оның жұмыс істеуіне қатысқан.
"Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында "PIN-UP.KZ" брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС заңды тұлғасы құрылған. Қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары функцияларын атқарған "Gold Pay" ЖШС және "Cyber Pay" ЖШС қоса алғанда, төлем ұйымдарының желісі тіркелді", - дейді қаржылық мониторинг агенттігінде.
Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысы компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған.
Блогер Қайсар Қамзаға не үшін іздеу жарияланғаны белгілі болды