АСТАНА, 23 қаңтар - Sputnik. 2026 жылы Қазақстан алғаш рет бидай глютені мен крахмалды БАӘ-ге экспорттады.
Өнімді Солтүстік Қазақстан облысынан Biooperations компаниясы жөнелтті. Бұл ТМД-дағы жалғыз биоэтанол өндірушісі және Қазақстанда бидай глютені мен бидай крахмалын өндіретін жалғыз кәсіпорын.
Biooperations зауытының бас директоры Евгений Келин атап өткендей, АҚШ енгізген 25% баж жеткізу географиясын кеңейтуге түрткі болды.
"Қазақстандық өнімге қатысты шектеулерді қоса алғанда, АҚШ-тағы импорттық баж салығы өскендіктен, біз экспорттық ағындардың баламалы бағытын табуға мәжбүр болдық. Нәтижесінде, 2025 жылдың желтоқсанында кәсіпорын бидай глютенін Жапонияға жөнелтуді бастады. Компания кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында экспорт географиясын кеңейтіп жатыр", - деді компанияда.
Компанияның алдағы жоспарлары - қазақстандық бидайды терең өңдеу өнімдеріне қызығушылық танытатын Израиль мен Мексика нарықтарына шығу. Сондай-ақ биоэтанолды Қытайға биоотын саласында пайдалану үшін жеткізуге ниетті.
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 340 мың тонна астық өңдеуден асады, экспорттың негізгі бағыттары - ТМД елдері, Еуроодақ және АҚШ. Сондай-ақ Колумбия, Қытай және басқа елдер бар.