АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласында студент қыздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде жәбірленушінің видеосы тарап кетті. 17 жастағы студент көпбалалы отбасыдан шыққан. Белгісіз біреулер оны көшеден алып қашқан.
"Мен бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашты. Мен үш-төрт адам машинаға тығып, Сарыағаш ауданындағы үйіне алып келген. Ол жақта туысқандары, жеңешелер орамалып алып, жүгіріп жүрді. Алып қашуды жоспарлағандарын сол кезде түсіндім. 17 жаста екенімді қайта-қайта айтсам да, мені үйге күштеп кіргізді", - дейді ол.
Үйдің адамдары телефонды да алып қойды. Сосын өз еркімен келгені туралы қолхат жазуды талап еткен.
"Қолхат жазбайтынымды түсінгеннен кейін мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Қазақшылығымыз осындай, дәстүріміз осындай деп, бұл үйден қыз болып шықпауың керек деді. Ал жыныстық қатынасқа күштегеннен кейін ол кісілер төсек жаймасын алып, келесі бөлмеде отырған жеңгелерінен сүйінші сұрап, өздерінше тойлап кетті. Зорлық-зомбылықтан кейін менің қандай халде болғаныма ешкім қараған да жоқ", - деп атап көрсетті жәбірленуші.
Студент қыз амалын тауып, ол үйден қашып кеткен. Оның айтуынша, арада біраз уақыт өтсе де, ешкімді тергеп жатқан жоқ.
Шымкент қалалық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалған.
"Қатысушылардың барлығы полиция басқармасына жеткізілді. Істің мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары қолға алынды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады", - делінген ресми хабарламада.