АСТАНА, 8 қаңтар - Sputnik. Бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматшасы Түркия Республикасынан елге қайтарылды.
Бұл жұмыстарды бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуімен жүргізген.
"Күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында жәбірленушілерге зергерлік бұйымдарды төмен бағамен сатып алып беремін деп уәде беріп, алдау жолымен олардың ақша қаражаттарын иемденген", - деп жазылған хабарламада.
Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 8 адам жапа шегіп, оларға жалпы сомасы шамамен 130 млн теңгеге материалдық залал келген.
Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті ел аумағынан тыс жерге бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында ол Түркия Республикасының аумағында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.