АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. Венесуэла мұнайды сату келісімшарты аясында тек АҚШ-та шығарылған тауарларды сатып алатын болады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Трамп бұл жаңалықты біреудің хабарлағанын, бірақ нақты кім екенін айтқан жоқ.
"Маған жаңа ғана Венесуэланың жаңа мұнай келісімшартымыздан түсетін ақшаға тек америкалық тауарларды алатынын хабарлады", - деп жазды АҚШ басшысы өзінің Truth Social парақшасында.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарлары, дәрі-дәрмек, медициналық және электр желілерге арнаған құрал-жабдықтар бар.
"Басқа сөзбен айтқанда Венесуэла АҚШ-пен өзінің негізгі әріптесі ретінде бизнес жүргізуге міндет алып отыр. Бұл – дұрыс таңдау. Венесуэла халқы мен АҚШ үшін өте жақсы нәрсе", - дейді Трамп.
Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында ұлттық мүдде ескерілген жағдайда ғана Венесуэла мұнайын сатуға рұқсат берілетінін мәлімдеді.
"Біз режимге былай айтып отырмыз, сіздер Американың ұлттық мүддесіне қызмет атқарсаңыздар, мұнайды сатуға рұқсат беріледі. Ал Американың ұлттық мүддесіне қызмет атқара алмасаңыздар, сіздерге мұнай сатуға рұқсат берілмейді", - деді ол.
Оның айтуынша, Вашингтон ондай әрекетке Венесуэла жақын орналасқаннан кейін барып отыр. Ирак сияқты алыс емес.
Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Дельси Родригес депутаттармен болған кездесуде республиканың өзара тиімді және өзара құрметке негізделген халықаралық келісімдерге ашық екенін айтты.
"Венесуэлада мұнай мен газдың ең ірі қорлары бар. Бұл ресурстар елдің дамуына және басқа мемлекеттердің дамуына жұмыс істеуі керек. Біз халықаралық заңдарға бағынатын келісімдер аясында өзара құрметке негізделген қарым-қатынасқа дайынбыз", - дейді Родригес.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Венесуэла экспортының 71 проценті 8 мемлекетке тиесілі. Соның 27 проценті АҚШ-қа кетеді.
"Венесуэла Азия, Африка, Таяу Шығыс пен Еуропамен қандай қарым-қатынаста болса, осы жарты шардың барлық мемлекетімен де сондай қарым-қатынасты ұстауы керек", - деді ол.
Ал Wall Street Journal АҚШ президенті әкімшілігінің Венесуэла мұнайына бақылау орнату жоспарын дайындап жатқанын жазды. Соның аясында бағаны бір баррель үшін 50 долларға дейін төмендету жоспарланған.