АЛМАТЫ, 15 желтоқсан - Sputnik. Астана қаласында "Sincere Systems Group LTD" ("S-Group") қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"S-Group" компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынатындығын мәлімдеген.
Салымшыларға айына 15%-20%, жылына 120%-180% көлемінде табыс уәде етілген. Инвестициялық қызмет шынайы көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік берілген. Онда виртуалды депозиттер, "табыстың өсімі" және есептелген қаражат көрсетілген.
"Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған. Ақша күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты", - дейді қаржылық мониторинг агенттігі.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордадан 2 пәтер және 2 автокөлік сатып алған. Оларды жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімдеген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.